Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Солтүстік Қазақстанда ауыл тұрғындары көлдің суын ішіп жүр

AstanaTV
30.11.2017ж. 20:00
2466
Солтүстік Қазақстанда ауыл тұрғындары көлдің суын ішіп жүр

Солтүстік Қазақстанда бүтін бір ауыл халқы көлдің суын ішіп жүр. Елді мекенді таза ауыз сумен қамтып отырған сорғы станциясы 2 ай бұрын істен шыққан. Сапалы суға қолы жетпеген жұрт амалсыз мал ішетін суды тұтынуға мәжбүр. Тіршілік көзінен тарыққан ауылдың жай-күйін тілшіміз Абзал Құрманкин айтып беруге дайын. Абзал, ауылдағы жұрттың ахуалы қалай, бұл жағдайдан билік өкілдері хабардар ма?

Иа, Ләйла, мұндағы жұрттың жағдайы мәз емес. Тоқтап қалған сорғы стансасы үш бірдей ауылды тіршілік көзімен қамтып келген. Ол істен шыққан соң тұрғындар  таза ауыз судың бір текше метрін 600 теңгеге сатып алып отырған екен.

Бұл қаладағы судың бағасынан 7 еседей қымбат. Қалтасы қағылса да, осы суды ішіп отырған елдің біраздан бері оған да қолы жетпей қалған. Өйткені су уақытылы тасымалданбайды. Жұрт енді тіршілік көзін ауыл маңайындағы көлден тасып әлек. 

Жазды күні бұл көлге жұрт малын суаратын. Арбасы бар тұрғындар, сәл де болса таза деп, суды ауылдан 2-3 шақырым жердегі көлден тасуға көшкен.

Михаил Татаркин, ауыл тұрғыны:

Біз суды Маховое көлінен әкелеміз. Себебі мына көлдің жағасында жазды күні мал жайылып жүреді. Қыста қайта тәуір сияқты.

2003 жылы салынған сорғы станциясының әбден тозығы жеткен. Осы уақыт аралығында сан мәрте істен шығыпты, бұл жолы оның бөлшегін табу қиынға соққан көрінеді.

Бақыт Ілиясов, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:

Бүгін қажетті бөлшек Петропавлға жеткізілді. Кешке дейін оны орнатып, ауылға суды береміз деп ойлаймын.

Абзал Құрманкин,  тілші:

Қондырғының қайта істен шықпайтынына ешкім кепіл бере алмайды. Сына беретін станцияға ауыл жұрты қашанғы қарап отыра бермек? Жалпы, көлдің суы адам ағзасына қаншалықты зиян? Осы мәселелер жөнінде толығырақ сенбі күні айтатын боламын, Ләйлә.

Рахмет, Абзал. Репортаждың толық нұсқасын сенбі күні кешкі сағат 20.00 де «Біздің уақыт» сараптамалық бағдарламасынан көре аласыздар.