Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Өскеменде 140 орындық балабақша ашылды

AstanaTV
30.11.2017ж. 20:00
3570
Өскеменде 140 орындық балабақша ашылды

Тұңғыш президент күні қарсаңында Өскеменде «Дария» балалар бақшасы ашылды. 140 бүлдіршінге шақталған бақша 1,5 жылда салынып бітті. Облыс әкімдігі мен Қазақстандағы AES компаниялар тобы және «Орталық Азияның Еуразия қоры» арасындағы үш жақты меморандум жасалған. Нысан осы келісімнің арқасында пайдалануға берілді. Мектепке дейінгі мекеменің құрылысына бас-аяғы 416 миллион теңге жұмсалған.

Балалар мен олардың ата-аналары асыға күткен балабақша шағынаудан халқы үшін аса маңызды. Мектепке дейінгі мекеме бұл жерде мүлде болмаған екен. 30 жыл бұрын құрылысы қолға алынғанымен, соңына дейін жетпеген. Бүгін жаңа балабақша бөбектерге есігін айқара ашты. Ұстаздарға нысанның кілті табысталды. Ал қызыл лентаны өңір әкімімен бірге балалардың өздері қиды.

Бұл балабақшаны асыға күткендер көп. Тұрғындар төлемақының қалтаға аса ауыр емес екенін айтады. Осыған дейін шағынаудан халқы балаларын қаланың басқа шетіне таситын. 

Мөлдір Жолбарысова, балабақша директоры:

Шағын аудан үшін өте үлкен қуаныш. Себебі ол кісілер осы балаларын балабақшаға беріп қана қоймай, осы аудан тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз еттік. Бұрын сонды тәрбиешілерім жан-жаққа барып жұмыс істеп жүрген болса, ал қазір өздерінің аудандарын да жұмысқа кіргендеріне қуанышты.

Дәл осындай балабақша Өскемендегі 20-шы шағынауданда да салынады. Бұл сүйінші хабарды тұрғындарға аймақ әкімі Даниал Ахметов жеткізді. Сонымен қатар жеке тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша жаңа жоба қолға алынып отыр.

Даниал Ахметов, ШҚО әкімі:

Жол болады. Ендігі жылы біз осы жерге үлкен жолды істейміз. Сразу анау Самарға шығады. Сонда жолда болады, электр қуаты да болады. Суда болады.

ТҮКШ бөлімі құрылысшыларға 18 үйдің дайын жобасын ұсынбақ. Мұндағы пәтерлердің ауданы 60 - 120 шаршы метр аралығында.

Бауыржан Құдияров, Өскемен қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

Олар ғимараттарды бірегей сәулет үлгісімен салу үшін 18 жобаны дайындадық. Бұл жобалар оларға тегін беріледі. Осылайша жеке тұрғын үй салу жеңілдей түседі.

Анар Гафарова, Өскемен қаласы тұрғыны:

Әр адам жеке үйім болса деп армандайды. Мемлекет бұл ретте бізге жағдай жасап отыр. Тұрмысымыз түзеліп, көкірегімізде үміт оты пайда болды, осы үшін президентке алғыс айтамыз.

Құрылыс жұмыстары жақын арада басталады. Қазір бюджет қаржысы есебінен бұл жерде жол салынып, көше шамдары орнатылып жатыр.