Негізгі / Жаңалықтар / Браконьерлердің заңсыз балық аулауынан бюджетке 54 миллиард теңге шығын келді

Браконьерлердің заңсыз балық аулауынан бюджетке 54 миллиард теңге шығын келді

Браконьерлердің заңсыз балық аулауынан бюджетке 54 миллиард теңге шығын келді. Мәжілісте ауылшаруашылық кешені туралы заң жобасын таныстырған ведомствоның бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов осылай деді. Оның айтуынша, заң жобасы балыққа есеп жүргізіп, бақылауға мүмкіндік береді. Өйткені қазір балық шаруашылығын қадағалайтын тимді құқықтық механизмдер жоқ. Яғни балықтың көлеңкелі бизнесімен министрлік күресе алмай отыр. Оның үстіне депутаттар балық инспекторларының өздері браконьер деп айыптады.

Уәлихан Қайназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Бірінші браконьер сол балық инспекциясы жергілікті жерлерде. Оны ашық айту керек. Біз де енді балыққа барамыз, қармақпен отырамыз. Сол кезде отырсаңыз, келіп торды тартады. Балық инспекторы келеді, көреді де, көрмегенсіп кетеді. Бізге кеп тиіседі, қармақпен отырғандарға, неғып отырсыңдар деп. Сұраймыз ғой, жігіттер, анау тұр ғой тор десек, енді біздің де айлығымыз төмен, бізге де күн көру керек дейді.

Қайрат Айтуғанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары:

Браконьерлік туралы білеміз. Біздің балық инспекторлары арасында да браконьерлер бар. Көксерке балығы бойынша 18 мыңнан астам экспортқа кетті. Ауланған көксеркенің 90 пайызы шетел асып жатыр. Бұл өте жақсы бизнес. Біз квотаны 17 мың тоннаға береміз, ал бізде 35 мыңы шетелге ресми түрде шығарылып жатыр. 18 мыңы заңсыз. Сондықтан қатаң есеп керек.

Заң жобасы, карантиндік аумақтарды дереу анықтау үшін, шұғыл және уақытша карантинді, фитосанитарлық шараларды енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар зиянкестермен күресте пестицидтарды сатып алу жұмысы шаруалардың мойнына артылады. Бұған дейін жыл сайын зиянкестерді улайтын химиялық препараттарды сатып алуға бюджеттен 2 млрд 200 млн теңге бөлініп келген. Оның тек 700 млны пестицидтарды сатып алуға жұмсалса, 1,5 миллиарды препараттарды сақтау, жеткізуге шығындалған.

Амангелді Дәуренбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Біз қазір осы жұмысты шаруаларға, агротауар өндірушілердің өздерінің құзырларына бергелі отырмыз. Олар өздері сатып алып істейді. Бірақ жұмысын мемлекет 50 пайызға дейін субсидияландырады. Сонда біз үлкен көлемдегі жерді пайдалануды ескеріп отырмыз.