Негізгі / Жаңалықтар / Қызылжар өңірінде қоқыс полигондарының 95 пайызы заңсыз

Қызылжар өңірінде қоқыс полигондарының 95 пайызы заңсыз

Қызылжар өңірінде қоқыс полигондарының 95 пайызы заңсыз. Бұл жайында біздің арна тілшілеріне экология департаментінің өкілдері хабарлады. Облыс орталығында тұрмыстық қалдықты жинау жүйесі бір ретке келтірілгенімен, ауылды аймақта қоқыс шашылып жатыр. Құзырлы органдар мұнымен қалай күреспек? Тілшіміз Абзал Құрманкин елді қоқыстан тазарту жолын біліп қайтты.

Абзал Құрманкин, тілші:

Бүгінде Солтүстік Қазақстандағы ауылдар жан-жақты дамып жатқанымен, қоқыс мәселесі өткен ғасырдың деңгейінде қалып отыр. Себебі елді мекендерде тұрмыстық қалдықтарды қабылдау бекеттері қарастырылмаған. Сондықтан да қазір әрбір ауылдың қасында осындай полигондар көбейіп барады. Ал оларды қадағалайтын ешкім жоқ.

Экологтардың мәліметіне сүйенсек, теріскейдегі 480 қоқыс полигонының 14-і ғана заңды. Қалғаны айдалада, қараусыз жатыр. Қазір құзырлы мекеме өкілдері бұл мәселені шешуге білек сыбана кіріскен. Аудандық әкімдіктерге тез арада тиісті құжаттарды жинау міндеттелген.

Азамат Бектасов, СҚО экология департаменті басшысының орынбасары:

Қазіргі уақытта бізде Есіл, Ақжар, Қызылжар ауданында қоқысты рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір Мамлют ауданында инвесторлар табылып жатыр. Бірақ жергілікті атқарушы органдармен осы жұмыс өнбей жатыр. Қаржы дұрыс бөлінбейді, инвесторлар табылмайды. Сондықтан осындай экологиялық мәселелер туындап жатыр.

Полигонды заңдастыруды алғашқылардың бірі болып қолға алған Қызылжар ауданының атқамінерлері қоқыс алаңының жобалық-сметалық құжатын әзірлеп қойған. Құрылыс жұмыстары ендігі жылы басталмақ. Бірақ, жоба құны тым қымбат болса керек.

Ербол Бәгенов, Бескөл ауылдық округінің әкімі:

Административное зданиесі, өлшейтін жерлер болады. Содан кейін техникалар тұратын ангарлар, дизинфекция жасайтындар болады. Барлығы болады. Алдын ала есептеуіміз бойынша, 100 миллион теңге керек құрылыс жұмыстарына. Бұл ақша қалалық, облыстық бюджеттен бөлінеді.

Облыс бойынша барлық полигондарды заңдастыруға шамамен 1,5 миллиард теңге қажет. Аудандық әкімдіктердің мұндай қомақты қаражатты көтере алмайтындығын прокурорлар түсініп отыр. Сондықтан олар энергетика министрлігінен полигонды заңдастыру жүйесін оңтайландыруды сұраған. Өтініш қолдау тапқан көрінеді.

Самат Темірбаев, СҚО мамандандырылған табиғатты қорғау прокуроры:

Жерге арналған акті, қоршаған ортаға шығатын эмиссия үшін рұқсатнама мен полигонды қоршауға шамамен 3-4 миллион теңге қажет. Бірақ, ауылды аймақтардың қоқыс алаңдары қаламен салыстырғанда әлдеқайда кіші. Сондықтан оның бағасын төмендетуге болады. Энергетика министрлігі біздің ұсынысымызды қолдады. Алдағы уақытта қоқыс полигондарын заңдастыруға кететін шығын азайтылады деп отырмыз.

Қазір экология департаменті полигонды заңдастыру жұмысымен қатар, оларды оңтайландыруды қолға алған. Яғни ұсақ қоқыс орындары ірі полигондармен біріктірілмек. Осының арқасында бір жылдың ішінде жүзге жуық қоқыс алаңы жойылды. Экологтардың айтуынша, алдағы уақытта полигондардың саны қысқарып, олардың барлығы заңдастырылса, онда бұл салаға біраз инвестиция құйылуы мүмкін. Себебі қазір өңірде шикізатты қайта өңдеу кәсібі қарқын алып келеді. 

А.Құрманкин