Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Н.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті

AstanaTV
15.12.2017ж. 20:00
5720
Н.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті

Еліміздің ең ұлық мерекесі - Тәуелсіздік күні қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Президенттің бұл еңбегінде еліміздің жаңа тарихы мен оның ертеңіне деген автордың көзқарасы қамтылған. Тарихи публицистика жанрында жазылған, қазақ және орыс тілдерінде басылған кітап қалың оқырман қауымға жол тартты.

Кітаптың алғысөзы «Бұл кітап менің ұлы қолдаушым, кемел келешегіне өзінің қазақстандық жолымен қарыштаған жасампаз халқыма арналады!» деп басталған. Еліміздің жаңа тарихын тұтастай қамтыған, мазмұны аса бай шығарма 4 бөлімнен тұрады. Олар - "Мемлекетіміздің дүниеге келуі"- 1991-1995 жылдар, "Ұлы бетбұрыс" 1996-1999 жылдар,  "Қияға құлаш сермеу" 2000-2010 жылдар және "Қалыптасқан мемлекет" 2010-шы жылдар деп аталған.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Елбасымыздың жүрек төріндегі толғаныстарынан шыққан бұл кітапты бәріміздің қасиетті Отанымыз - Қазақстан Республикасының негізін қалаған Тұңғыш Президентіміздің өз қолымен жазылған тәуелсіздік энциклопедиясы деп атауға толық негіз бар.

Тұсаукесерге жиылған зиялы қауым жаңа кітап барша қазақстандықтар үшін құнды дүние екенін атап өтті. Әсіресе жас ұрпақтың тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындағы маңызды оқиғаларды кеңінен біліп қана қоймай, туған Отанымызбен мақтануына, жарқын болашаққа үлес қосуға септігін тигізеді деп, сенім білдірді.

Дархан Қыдырәлі, "Егемен Қазақстан газеті" АҚ басқарма төрағасы:

Тарихты жасаған тұлға ретінде Черчилльдің жазғандары Еуропаның өткеніне үңілген оқырманның назарынан әсте тыс қалған емес. Бұл өнегелі үрдіс бізге де жат емес. Кешегі Ататүрік, арыдағы Бабыр, Түпкі Білге қаған түгел тарихын тасқа қашап жазған. Беріде үзіліп қалған осы ұлағатты дәстүрді Елбасымыз қайта жаңғыртып отыр.

Жаңа туындыда егемен елдің негізі қаланған күннен бастап оның қалыптасу кезеңдері, 26 жылдағы ішкі және сыртқы сын-қатерлерді еңсеруге байланысты қабылданған шешімдер қамтылған. Олардың мән-мазмұны мен тетіктері егжей-тегжейлі баяндалады.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Кітаптың соңғы тарауларының бірінде Елбасымыз Ресей мен Түркияның арасындағы кикілжіңнің, қым-қуыт оқиғаның үлкен халықаралық жанжалға айналып кетпеуіне қосқан үлесі және оның қалай жүзеге асқаны жөнінде біз білмейтін халықаралық саясаттың үлкен құпияларының шет жағасын ашады. Шындығында,  Елбасының үлкен жүректі мейірбан адам екендігін осы жолдардан көруге болады.

Сөз алғандар су жаңа кітапқа қатысты өз ұсыныстарын да білдірді.

Ерлан Сыдықов, Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры:

Бұл еңбекті оқу құралы ретінде білім жүйесінде кеңінен пайдалану керек. Кітаптағы тұжырымдамалар мен  маңызды фактілер бойынша түрлі мәдени-танымдық шаралар ұйымдастыру керекпіз.

Сондай-ақ, кітапта еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген басты 33 жетістігі мен оған жету жолдары жан-жақты айтылған. Олардың қатарында: заманауи қуатты мемлекет құру, халықаралық дәрежеде мойындалған нақты шекара, ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісі, Семей ядролық сынақ алаңының жабылуы, нарықтық экономикаға өту, ұлттық валюта, жаңа елордамыз Астананы салу, тағысын тағылар бар.