Негізгі / Жаңалықтар / Қазақстандықтардың қарызы 2 триллион теңгеден асқан

Қазақстандықтардың қарызы 2 триллион теңгеден асқан

Қазақстандықтардың қарызы соңғы 5 жылда 2 триллион теңгеден асқан. Яғни халық несие мен айыппұлдарға, салыққа, сондай-ақ коммуналдық төлемдерге осынша мөлшерде берешек.  Борышының кесірінен 700 мыңға жуық қазақстандық шетелге шыға алмай отыр. Бұл туралы Әділет министрлігінің өкілдері хабарлады.

Соңғы екі жылда Жоғарғы сот пен әкімшілік полицияның және сот орындаушылардың ақпараттық жүйелері бірыңғай дерекқорға енгізілген. Осыдан соң қарызға батқандардың саны көбейген. Заңға сәйкес, кез келген азаматтың қарызы 20 айлық есепті көрсеткіштен, яғни 45 мың теңгеден асып кетсе, Қазақстанның аумағынан шыға алмайды. Сонымен бірге, үш ай бойы баласына алимент төлемегендер де "қара тізімге" кіріп отыр. Мұндай шектеу, ол адам борышын өтемейінше, жалғаса береді .

Мұрат Смағұлов, ҚР ӘМ департаментінің басқарма басшысы:

Белгілі бір себептермен борышкерден қарызды өтеп алуға мүмкіндік болмаған жағдайда да, қарыз күшінде тұрады. Егер борышкер орындауға берілген құжаттың талаптарын орындамаса, ол адам борышкерлер тізімінде қала береді.

Әділет министрлігі өкілінің хабарлауынша, шекарадан өткізу бекеттерінде Қазпошта арқылы қарызды өтеуге болады. Сондай-ақ мобильді қосымша арқылы да борыштан құтылу мүмкіндігі қарастырылған. Ал мемлекет алдындағы қарызы бар-жоғын немесе оның мөлшерін білгісі келген адам, Әділет министрлігінің ресми сайтына кіріп, Қазақстан аумағынан шығу мүмкіндігі уақытша шектелген адамдар тізімін қарауына болады. 

Диана САПАРҚЫЗЫ