Негізгі / Жаңалықтар / 2020 жылы қазақ-қырғыз арасындағы тауар айналымы 1 млрд долларға жетеді

2020 жылы қазақ-қырғыз арасындағы тауар айналымы 1 млрд долларға жетеді

Қазақ-қырғыз қарым-қатынасына сызат түспейді. Керісінше, алыс-беріс, барыс-келісті дамытуға бағытталған қос мемлекеттің «жол картасы» әзірленеді. 2020 жылға дейін тауар айналымы 1 млрд долларға дейін жетеді деп белгіленді.

Бүгін Астанаға ресми сапармен қырғыз елінің президенті Сооронбай Жээнбеков келді. Ақорда мәртебелі мейманды бар сән-салтанатымен қарсы алды. Бұл екі ел президенттерінің екінші мәрте жүздесуі. Бұған дейін 30 қарашада Минскіде өткен кездесуде біраз мәселенің беті ашылған. Ал қалған проблемаларға бүгін нүкте қойылды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
:

Осы 26 жыл Тәуелсіздік жағдайында жұмыс істеп келе жатырмыз. Мен өз басым, Қазақстан бірде-бір рет Қырғызстанға сөз тигізіп, басқа жағынан жаманшылық жасауға қадам жасаған жоқпыз. Ол дұрыс. Себебі біз келеміз, кетеміз. Екі ел көрші қалады. Бізден бұрын да болған. Әйтпесе ата-бабамыз қайда? Әр буынның мойнында тұрған жүк - сол жақсы қарым-қатынасты келесі ұрпаққа тапсыру. Сондықтан қош келдіңіз.

Сооронбай Жээнбеков, Қырғыз Республикасының президенті:

Астанаға түскеннен бастап, алдымыздан жылы ықыласпен күтіп алдыңыздар. Соны көрдік, сезіндік. Алғаш президент болып сайланған кезімде де, жылы сөздеріңізді айтып, тілек айттыңыз. Сіз біздің ағамызсыз, ақсақалымызсыз.

Сондай-ақ бүгін тарихи құжатқа қол қойылды. Жылдар бойы талқыланған мемлекеттік шекараны шегендеу туралы құжат ресми түрде бекітілді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл мәселені қолға алған Сооронбай Шәріпұлына ризашылығымды білдіремін және бүгін біз қол қойдық. Аталған құжаттарға қол қою біздің шекарамыздың бүкіл бойындағы мемлекетаралық құқықты рәсімдеуді аяқтайды.

Сооронбай Жээнбеков, Қырғыз Республикасының президенті:

Біз екі елдің арасындағы мемлекеттік шекараны заңды түрде рәсімдеуді аяқтадық. Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекараның сенім, тату көршілік және өзара тиімді ынтымақтастықтың қақпасына айналарына сенімдімін.

Қырғыз елі - Еуразиялық одақ аясында Қазақстанның Ресейден кейінгі екінші ірі сауда серіктесі. Экспорт көлемі импорттан екі есеге артық. Биыл қазақ экспорты - 263,37 млн доллар ды құрады. Бірінші орында металл өнімдері -  35,43 млн доллар, екінші: дәрі-дәрмек, химия өнеркәсібі - 26,09 млн. Үшінші мұнай және мұнай өнімдері - 25,36 млн, төртінші: темекі өнімдері - 24,02 млн. Бесінші бидай  -22,20 млн доллар.

Ал импорт көлеміне келсек, 135,81 млн долларды құрады. Қырғызстан, біз ойлағандай, мата-мақта, киім-кешек, жеміс-жидек, көкөніс емес, метал рудаларын, мұнай өнімдері, тас, шыны, қыш өнімдерін көп импорттайды екен.