Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Ақтөбеде жер кезегіне тұрғандар саны 125 мыңға жуықтаған

AstanaTV
26.12.2017ж. 20:00
4910
Ақтөбеде жер кезегіне тұрғандар саны 125 мыңға жуықтаған

Ақтөбеде жер кезегіне тұрғандар саны 125 мыңға жуықтаған. Қала билігінің мәліметінше, биыл 10 мыңдай адамға жер учаскелері берілген. Бірақ кезек азаяр емес. Себебі күніне шамамен 100-130 адам келіп, жер алуға өтініш береді екен. Жергілікті билік бұл мәселені қалай шешпек? Жақсыбек Кемал анықтауға тырысты.

Аманғали Таумұрыновтың екі баласы 2006 жылы жер алуға өтініш берген. Отбасы өздеріне тиесілі он сотық жерді 11 жыл бойы күтті. Міне, жаңа жыл қарсаңында оларға қуанышты хабар жетті. «Енді өзіміз армандаған баспананы тұрғызатын болдық»,- дейді. 

Аманғали Таумұрынов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

«Туған жерім Қобда. Қобдаға жақындап жатырмын деп қуанып жатқан. Әрі өзім осы Жаңақоныста тұрамын. Қолымда тағы бір бала бар. Енді екі ұл осы жерде тұрса, бір жақта тұрамыз бәріміз».

Биыл 2006 жылы кезекте тұрғандарға жер беріліп жатыр. Қазір осы жылға есептелген 10 мың учаскенің соңғылары рәсімделуде. Мамандар  кейінгі 4-5 жыл ішінде кезек азаймағанын айтады. Себебі, бір жылда шамамен он мың жер учаскесі берілсе, осы уақыт аралығында кезекке тұратындар саны 15 мыңнан асып кетіп жатыр екен.

Әділбек Қабидоллин, Ақтөбе қалалық жер қатынастары бөлімінің бас маманы:

«2017 жылы 2006 жылы кезекке тұрған азаматтардың өтініштері бойынша 14 745 кезекте тұр, соның 10 мыңы берілуде. Олар Жаңақоныс-3,4 елді мекендерінде, егжей-тегжейлі бас жоспары жасалған елді мекендерден учаскелер беру жалғасуда. Қазір кезектегі соңғы 2000 адам жер учаскесін алды».

2011 жылдан бері жер телімдері екі жылға жалға беріледі. Яғни оны сатуға рұқсат жоқ. Жерді алған адам, үйінің бір бөлігін немесе оны толығымен салып болған соң ғана, жеке баспана ретінде рәсімдей алады. Бірақ, соған қарамастан, тұрғындар арасында жерді сатып, ақша тапқысы келетіндер бар көрінеді.

Ұшқын Мыңбаев, Ақтөбе қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

Мысалы, бір азаматпен өзара келіседі де, оған сенімхат береді. «Мына жерді толық салып болған соң, пайдалануға қабылдағанда сол жердің иесінің, кезекте тұраған азаматтың атына толық өтеді. Пайдалануға қабылдайды, содан кейін беремін»,- деп. Оның әрине, өзіндік қауіптері бар ғой. Орысша айтқанда, рисктері бар. Осылай жасаймыз деп, алданып қалып жатқан азаматар да аз емес.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Біз қазір Жаңақоныс ауылындамыз. Дәл осы жерден қазір 1000 адамға жер берілуде. Дегенмен мамандар қала маңында жер қалмай бара жатқанын айтады. Сондықтан кезекте тұрған 125 мың адамның 40 пайызға жуығы өздеріне тиесілі учаскелерді аудандардан алуы мүмкін.

Жақсыбек КЕМАЛ