Негізгі / Жаңалықтар / Парасат ауылы тұрғындары Астанаға жету үшін 24 шақырымды айналып жүруге мәжбүр

Парасат ауылы тұрғындары Астанаға жету үшін 24 шақырымды айналып жүруге мәжбүр

Астана маңындағы Парасат саяжай массивінің тұрғындары қалаға қатынау қиындады деп отыр. Астана-Павлодар бағытындағы тас жол ашылғалы, тура қатынайтын жол жабылып, көпір арқылы айналып өтуге мәжбүр. Яғни ауылдықтар 12 шақырымдай жолды кері қарай жүріп, тағы 12 шақырым айналып, ауыл маңына келеді. Тек содан соң Астанаға беттейді. Ол аздай саяжай массиві болғандықтан, қыста қоғамдық көлік те қатынамайтын болған. Дәуренбек Бақдәулет тұрғындардың арызын тыңдап келді.

Қалаға қатынайтын 24 шақырымды қысқарту үшін тұрғындар мынадай темір бөгеттен өтуді әдетке айналдырып алған. Олай етпеске шара жоқ. Жаңа тас жолдан көліктердің сағатына 140 шақырым жылдамдықпен жүруіне рұқсат. Жұрт қайғылы оқиғалардың болғанын айтады.

Күн боран болған кезде жаңағы бала тұрған, артынан автобус сүйреп әкетіп, 5-6 шақырымға бірақ кеткен. Өліп қалды ғой.

Жұрт осындай қайғылы оқиғаның қайталануынан қауіптенеді. Ал балалардың сабаққа кешігіп баруы үйреншікті жәйтке айналған. Аязды күндері қайтеміз деп, жұрт жанын шүберекке түйіп отыр.

Рымкеш Омарханова, Парасат ауылының тұрғыны:

Міне мына тұрған көген көздерді көріп тұрсың ба? Мектепке барады. Бүгін бе, кеше ме бара жатқан келіншек қатып қала жаздапты баласымен бірге.

Саяжай алқабында бас аяғы 2 мыңға тарта адам тұрады. Ауыл халқы жол мен көлік мәселесін шешуді сұрап тиісті орындарға хат та жазған. Бірақ жауап жоқ. Қазавтожол өкілдері, жолдың жобасы 2011 жылы жасалғанын айтады. Бұл жер саяжай алқабы болғандықтан, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін арнайы бұрылыстар қарастырылмаған.

Ерлан Қалымов, «Қазавтожол» ҰК» АҚ департамент директоры:

Тұрғындар қауіпсіздігі үшін, барлық бұрылыстарда көпір арқылы өту жоспарланған. Саяжай массивіне келсек, жоба 2011-2012 жылдары жасалған, ол кезде онда тұғындар аз болатын. Сондықтан арнайы көпір салынбады.

Ауылға кіретін жол қала бюджеті есебінен келер жылы салынады,-дейді сала өкілдері. Ал қоғамдық көлік мәселесі жақын арада шешімін таппайтын сыңайлы.

Науат Азанбаева, «Астана LRT» ЖШС қоғаммен байланыс департаментінің директоры:

Парасат саяжайына адамдар тек жаз, күз, көктем мезгілінде барады. Ал, қыста жолаушылар ағымы азайғандықтан, соған сәйкес автобустар сол жерге қатынамайды.

Бұл елді мекенге жедел жәрдем де келмейді. Сондықтан, басы ауырып, балтыры сыздай қалса, жұрттың қиналатыны тағы бар.  Тұрғындар мәселенің оң шешілуін сұрап ендігі көмекті қала әкімдігінен күтеді.   

Дәуренбек БАҚДӘУЛЕТ