Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Сырдариядағы су деңгейі соңғы үш тәулікте 5 сантиметрге түскен

AstanaTV
04.01.2018ж. 20:00
2980
Сырдариядағы су деңгейі соңғы үш тәулікте 5 сантиметрге түскен

Сырдариядағы су деңгейі соңғы үш тәулікте 5 сантиметрге төмендеген. Десе де қауіп әлі сейілмей тұр. Мамандардың айтуынша, Шардара су қоймасынан келетін судың мөлшері 600 текше метрден 500-ге түсті. Бұл туралы арнамызға "Қазсушар" кәсіпорны Қызылорда филиалы директорының орынбасары мәлімдеді. Барлық жауапты мекемелер, жалпы екі мыңдай қызметкер, осы күндері тәуліктік кезекшілікте. Облыс бойынша судан қорғау дамбаларының 96 қауіпті учаскесі жөнделіп, қалпына келтірілді. Сырдария жағалауындағы су басу қауіпі бар 56 аймаққа жауапты 172 мекеме бекітілген. 459 арнайы техника жұмысқа кірісуге әзір. 83 жинақталған эвакуациялық және 104 қабылдау бекеті барлық қажетті құралдармен жабдықталған. Мамандар Сырдария өзенінің арнасын топырақтан тазарту қажеттігін алға тартты.

Жорабек Ерназаров, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директорының орынбасары:

Дария бойында 8 миллион текше метр топырақ жиналып тұр. Соның бәрі суды көтеріп тұрған. Қай жерде қайыр бар, сол жерден мұз қатады, мұздың астынан сең жүреді, сең жүргеннен кейін, қайырылып қалған жерге барады да, тұрып, судың деңгейін көтеріп жатқан сол мәселе. Земснаряд алу, топырақты шығару. Әлі жасалған жоқ. Соны қолға алсақ, земснарядты алсақ, сонымен жыл бойына жұмыс істесек, мүмкін, дәл осындай қазіргі болып жатқан жағдай болмауы мүмкін.