Ұлттық тасымалдаушы «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның «Магистральдық желі дирекциясы» филиалымен бірлесіп, мүгедектігі бар жолаушыларға арналған жаңа сүйемелдеу қызметін іске қосты. Аталған сервис вокзал қызметкерлерінің көмегін алдын ала рәсімдеуге мүмкіндік беріп, жолаушыны автокөліктен вагонға дейін және кері бағытта, сондай-ақ, вокзал аумағында толық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.
Теміржол көлігімен сапарлау кезінде көмек алу өтінімін bilet.railways.kz сайтында рәсімдеуге болады.
Қазіргі таңда қызмет арнайы арбалармен жабдықталған 57 вокзалда қолжетімді. Егер таңдалған вокзалда қызмет уақытша көрсетілмесе, билет рәсімдеу кезінде тиісті опциялар көрінбейді.
Қызметті рәсімдеу үшін:
1. bilet.railways.kz сайтынан билет сатып алу;
2. Сатып алу барысында «Мүгедек» опциясын таңдап, ЖСН мен мүгедектік туралы анықтаманың нөмірін көрсету;
3. Қажетті көмек түрлерін белгілеу.
Қолжетімді көмек түрлері:
• пойыз жөнелтілер алдында вокзал қызметкерінің сүйемелдеуі;
• пойыз жөнелтілер алдында арнайы арба ұсыну;
• пойыздан түсу кезінде вокзал қызметкерінің сүйемелдеуі;
• пойыздан түсу кезінде арнайы арба ұсыну.
Өтінімді алдын ала рәсімдеу вокзал қызметкерлеріне дер кезінде дайындалып, жолаушыға сапардың барлық кезеңінде уақтылы әрі толыққанды көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін жол жүруге жеңілдікті шарттар қарастырылған:
• әлеуметтік маңызы бар бағыттарда — 50% жеңілдік;
• коммерциялық «Тальго» пойыздарында арнайы купелерге, оның ішінде ілесіп жүретін адамға арналған орынға — 50% жеңілдік.
Қосымша ақпаратты 1433 тегін нөмірі арқылы, сондай-ақ «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның ресми Instagram парақшасынан @jolaushylar_tasymaly білуге болады.