Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Елімізде балалар арасында ісік ауруын жеңуге болады

AstanaTV
12.01.2018ж. 20:00
3916
Елімізде балалар арасында ісік ауруын жеңуге болады

Балалар арасындағы ақ қан ауруымен күресте бетбұрыс бар. Былтыр елімізде 170 бала қатерлі ісікке шалдыққан. Олардың дені қауіпті дертті жеңіп, өз ортасына оралып жатыр. Бұл туралы Алматыдағы педиатрия және балалар хирургиясы орталығының мамандары мәлімдеді. Дәрігерлер, жілік майын алмастыру және химиялық терапияның батыстық үлгілерін пайдалану арқылы науқастың бетін бері қаратуға болады, дейді. Одан бөлек ауруды жеңген балалар туралы әлеуметтік роликтер түсіріп, ғаламтор мен БАҚ-да насихат жұмыстарын жандандырған.

Кішкентай Ақерке 2015 жылы небәрі 4 жасында өзін жайсыз сезінген. Анасының айтуынша, бүлдіршін аяғынан тұра алмай, кіші дәретке отырғанда қиналып, күн өткен сайын әлсірей түседі. Жамбыл облысындағы ауылдардың бірінде тұратын ата-анасы оны Алматыдағы педиатрия орталығына әкеліп, тексерткен. Нәтижесінде қыздың лейкемияға шалдыққаны белгілі болады. Тоғыз ай бойы үздіксіз емделген соң, науқас қыз оңала бастаған.

Нұргүл Мәнкеева, Ақерке Асылбектің анасы:

Қиын кездер болды. Мен оған көрсетпеуге тырыстым, оны қолдадым. Ол да маған көмектесті. Қанша ауырса да, ол күлуге тырысты. Себебі қанша дегенмен өмірге құлшынды, өмірді жақсы көрді. Алла тағаладан барлық бала жазылсын деп бірінші айтады. Сосын өзін айтады. Қазір жақсы.

Алматылық дәрігерлер Ақеркенің қауіпті аурумен күресін шағын роликке арқау етті. Орталық мамандары оны әлеуметтік желілерге жүктеп, науқастар жатқан бөлімшелерде жиі көрсетіп отырмақ. Дәрігерлер мұның тиімді боларына сенеді. Қатерлі ісікпен күресте еріктілер мен қайырымдылық жобалардың да рөлі артқан. Ауруханаға келіп, науқастарға моральдық-психологиялық қолдау білдіретін жобаларға есік ашық. 

Риза Боранбаева, Республикалық педиатрия және балалар хирургиясы ҒО директоры:

Біз әлеуметтік роликтер арқылы, баспасөз арқылы бұл аурудың емделетінін қоғамға жеткізгіміз келеді. Ең бастысы ауруды ерте сатыда анықтау, дер кезінде емді бастау екенін айтып келеміз. Химиялық терапия мен қажет болса, трансплантация жасау арқылы балалардың өмірін сақтауға басымдылық беріледі. Одан тыс, әрине, психологиялық қолдау қажет.

Соңғы жылдары елімізде 5000 мың бала қатерлі ісік ауруынан ем алған. Соның 2 мыңдайы - лейкемиядан зардап шеккендер. Дәрігерлер, елдің экономикалық дамуына байланысты ақ қанмен күресте бетбұрыс пайда болды, дейді. Өлімнен гөрі, ремиссия жағдайында, яғни жүйелі емнен соң, бірде әлсіреп, бірде жақсарып тұратын балалар саны артқан.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Тиісті ем алған соң ондай балалар  жергілікті жердегі емханалар бақылауында болады. Қазір елімізде 2,5 мың бүлдіршін ақ қаннан айығып, қалыпты өмірге көшкен. Жалпы елімізде жыл сайын қатерлі ісіктен жаңадан науқастанатын 500-ге жуық бала ауруханаларға жүгінеді. Оның 40 пайызы қан ауруына шалдыққандар.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ