Германия астанасы Берлиннің Лихтенберг ауданындағы Königin Elisabeth Herzberge ауруханасында өрт болды. Зардап шеккендердің бірі ауыр халде жатыр, тағы бірінің жағдайы өте ауыр, деп хабарлайды Astana TV тілшісі BILD сайтына сілтеме жасап.
Өрт кеше кешкі сағат 22:10 шамасында аурухананың екінші қабатындағы палатада басталған. Тергеудің алдын ала болжамы бойынша, науқастардың бірі өзі жатқан төсекті өртеген.
Жалыннан шыққан қою түтін аурухананың ішіне таралып, науқастар мен қызметкерлерді эвакуациялауға тура келген. Оқиға орнына өрт сөндірушілер мен құтқарушылар жұмылдырылды.
Дәрігерлер зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетті. Олардың 13-і жеңіл жарақат алған. Жағдайы ауыр екі науқас басқа ауруханаларға жеткізілді.
Өрт сөндірушілер жалынды толықтай ауыздықтады. Құқық қорғау органдары оқиғаға қатысты қасақана өрт қою дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.