Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Мәжіліс депутаттары дифференциалды тарифтер мәселесін қолға алмақшы

AstanaTV
12.01.2018ж. 20:00
2434
Мәжіліс депутаттары дифференциалды тарифтер мәселесін қолға алмақшы

Мәжіліс депутаттары жарықтың дифференциалды тарифтері мәселесін қолға алмақ. Бұл туралы теріскейге жұмыс сапары барысында айтылды. Елбасы жолдауын халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру мақсатында Петропавл нан-тоқаш комбинатына ат басын тіреген депутаттар, кәсіпорын қызметкерлерімен кездесті.

Ірі наубайхана 40 жылдан бері шаһар жұртын нанмен қамтып келеді. Айына 600 тонна өнім шығарылады. Бірнеше жыл бұрын кәсіпорын жеке диірмен салып, бүгінде шикізатпен өз қажеттілігін толық қамтамасыз етіп отыр. Комбинат жұмысшыларымен тілдескен Мәжіліс депутаттары жолдау жүктеген міндеттердің маңыздылығына тоқталды. Олардың айтуынша, Қызылжардың географиялық орналасуы шетел нарығын бағындыруға өте қолайлы. 

Сергей Звольский, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Солтүстік Қазақстан Ресейдің үш облысымен шектеседі. Бізге экспорт әлеуетін арттыру арқылы өзіміздің ұлттық валютамызды нығайту керек. Дифференциалды тарифтің жойылуы әсіресе түнде жұмыс істейтін наубайханаларға кері әсер етіп отыр. Сондықтан Астанаға келе салысымен Премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдаймыз. Бұл тариф мәселесін қайта таразылаған жөн сияқты.

Ал Атырау облысына барған депутаттар Махамбет ауданындағы орман шаруашылығымен танысты. Бұл мекеме 1949 жылы құрылған. Бүгінде орман қорының аумағы 12 мың гектардан асады. Жыл сайын мыңдаған көшет отырғызылады. Қазір шаруашылықта 36 адам еңбек етеді. Жұмысшылармен бірге жаңа жолдауды талқылаған халық қалаулылары кәсіпорында еңбекақының төмен екенін анықтаған. Жақын арада бұл мәселені қолға алатындықтарын жеткізді.

Бақытгүл Хаменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Облыстық жолдардың қатынасы өте проблема болатын бүгінгі күнге дейін. Міне, биыл республикадағы бірден бір көпір іске қосылмақшы. Сондықтан бұл іске қосылса, халықты ең бір өзекті проблемасы шешімін тапқан деуге болады.