$487.37 €532.94 ₽5.09
×

Алматы мен Жамбыл облысында қалың қар жауды

AstanaTV
16.01.2018ж. 20:00
3375
Алматы мен Жамбыл облысында қалың қар жауды

Алматы мен Жамбылда облыстарында бірнеше күн қатарынан жауған қалың қардан жұрт әбігерге түсіп жатыр. Мұндағы ақ ұлпаның биіктігі 30 сантиметрден асқан. Коммуналдық қызмет өкілдері қала ішіндегі қарды тазартып үлгермей әлек. Осы аймақтардағы тілшілеріміз жағдайды баяндамақ. Қазір Ришат Асқарбекұлы байланыста. Ришат, коммуналдық қызмет өкілдері қалың қарды тазартып үлгеріп жатыр ма? Жалпы синоптиктер болжамы қандай?

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Ия, Оксана, коммуналдық қызмет өкілдері қарқынды жұмысқа кіріскен. Бірақ қардың мөлшері қалың. Бірнеше күн бойы тынбастан жауған ақ ұлпаның биіктігі 33 сантиметрге жеткен. Тек өткен тәулікте 8 сантиметрге қалыңдапты. Сондықтан 14 рейс уақытында ұшып кете алмады.

Алматы-Дели, Алматы-Киев, Алматы-Мәскеу бағытындағы ұшақтар кешігіп аттанған. Ішкі рейстер де кейінге шегерілді. Бүгін де бірқатар ұшақтар кешікті. Ал қаладағы қарды тазалауға 600-ден астам көлік пен 2 мыңға жуық адам жұмылдырылған. Оның өзі жеткіліксіз. Мамандар тек орталық көшелердегі жұмысты ертең түнде ғана аяқтаймыз деп отыр. Бұл жолы қаланы қалың қардан тазалаудың жаңа технологиялары да сынақтан өткізіліп жатыр екен.

Александр Сергеев, Алматы қаласы табиғатты пайдалануды реттеу және табиғи ресурстар басқармасының бас маманы:

Биыл заманауи үлгідегі 87 техника сатып алынды. Олардың барлығына GPS орнатылды. Яғни онлайн тәртібінде тәулік бойы бақылап отыруға мүмкіндік бар.

Егер көшеге себетін қоспалары таусылса немесе қандай да бір техникалық қиындыққа тап болса, жақын жердегі бригада көмекке келеді. Бұл уақытты және материалдарды үнемдеуге септігін тигізеді.

Ал синоптиктер осы аптаның соңына дейін қар жаумайды деп болжап отыр. Бірақ облыс аумағында аяз күшеймек екен.

Светлана Аманқұлова, «Қазгидромет» ММ метеорологиялық болжамдар бөлімінің жетекшісі:

Алматыда алдағы 2-3 күн жауын-шашынсыз болады. Бірақ аяз күшейіп, түнде қалада 12-16 градусқа дейін суық, ал күндіз 6-8 градус нөлден төмен болады. Тек жұмаға қарай ауа температурасы жылынады.

Әсіресе Алматы облысының таулы аймақтарында ауа температурасы - 28 градусқа дейін түседі. Бүгін түнде Талдықорған қаласында 30 градусқа дейін суық болмақ. Данияр, Жамбыл облысына да қар әдеттегіден мол түсіпті, жұрт әбігерге түсіп жатқан болар?

Данияр Әлімқұл, тілші:

Иә, Ришат, 3 күн тоқтамай жауған қар жұртты ғана емес, Әулиеата билігін де әбігерге салып жатыр. "Казгидромет" мамандары ақ ұлпаның биіктігі қалада 37, аудандарда 43 сантиметрге дейін жетті деп отыр. Қазір қалың қарды Таразда тазалап үлгермей жатыр. Діттеген жеріне жете алмай, қозғалыстан қағылған халық орталық көшелерді ғана ақ ұлпадан аршып жатқанына наразы.

Халықтың жағдайын ойламай ма, барлық жер қар, аялдама да қар. Қар аз жауған жоқ. 1 метр қар жауды. Шағын аудандар мүлдем жаман.

Тазалайтыны мынау алаңды ғана тазалап жатыр, басқа ештеңе жоқ. Мына парковкаға тұратын орын жоқ. Кіре алмайсың, кіргендер қайтып шыға алмайды.

Таразға көптен бері мұндай қар жауған жоқ. Көшелер тазаланбай, колледждегі оқуыма кешігіп қалдым. Тіпті жаяу жүргіншілер жолағы қайда екені көрінбейді.

Қаланың коммуналдық қызметі тазарту жұмыстарына жалпы 62 техника бөліп, 450 адамның қолына күрек ұстатқан. Ал Тараздағы тазалануы тиіс 88 көшеден 2 күнде 2 мың текше метр қар шығарылған. Қазір қар тазалауға қосымша 7 мемлекеттік мекеме тартылған. Тазалыққа жауапты мекеме ескі техникамен ештеңе өнбей жатқанын айтады. 

Мұхамеджан Арзымбетов, «Жасыл Тараз» ЖШС  директорының орынбасары:

Таңертең бір жерді тазаласақ, түске дейін толып қалып жатыр. Біздің техниканың 80 пайызы ескі. Біз оның барлығын жамап, жөндеп шығарып отырмыз. Техника жетіспейді. Сондықтан қарастырылған мекеменің техникалық жағдайын көтеру керек.

Әкімдік әмиянынан 4 жыл бұрын 18 техника сатып алыныпты. Содан бері жаңармаған. Атқамінерлер техника белгіленген нормаға сай, сондықтан жылда жаңартудың қажеті жоқ деп отыр.

Бақытжан Жақсылықов, Тараз қаласы әкімдігінің ТҮКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

Ескі деп айтуға енді болмайды. Бәрі өзі ретімен қолданып жатыр. Қар тазалау жұмыстары, оның ішінде тұз бен құм сатып алуға, инертті материалға 29 млн теңге бөлінген. 2 күн ішінде 1 мың текше метрге жуық құм мен тұз араласқан қоспаны септік жолдарға. Енді қардың көлемі үлкен.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Жылда бөлінетін 29 млн теңгенің 10 млн теңгесі құм мен тұз алуға кетсе, қалғаны техниканы күтіп-баптау мен жалақыға жұмсалады екен.  Қар қанша жауса да, республикалық бағыттағы жолдар ашық. Жапалақтап жауған қар түске таман тоқтап, түс қайта қайта басталды. Ал Таразды қар құрсауынан аршу жұмыстары әлі де жүріп жатыр. 

Рахмет, студиямен байланыста болған Жамбыл облысындағы тілшіміз Данияр Әлімқұл болатын.