Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Былтыр мәйіт донорының саны 2016 жылмен салыстырғанда 2 есе көбейген

AstanaTV
17.01.2018ж. 20:00
4367
Былтыр мәйіт донорының саны 2016 жылмен салыстырғанда 2 есе көбейген

Мәйіт донорының саны 2016 жылмен салыстырғанда 2 есе көбейген. Бұл жайында біздің арна тілшілеріне Республикалық трансплантациялау жөніндегі үйлестіру орталығының өкілдері хабарлады. Өткен жылы елімізде 282 ағза ауыстырылған. 205 донор өз дене мүшесін жақын туысқанына берсе, 77 ота мәйіт донорлығына тиесілі. Енді донор болуға келісімді онлайн-режимде де беруге болады. Жақында Денсаулық сақтау министрлігі бұл туралы бұйрыққа қол қойған. Абзал Құрманкин әңгімелейді.

Балғат Шахановтың бүйрек ауруына шалдыққанына 10 жылдың жүзі болған. 53 жастағы азамат диализ атты қондырғыға байланып отырған соң, аурухана оның екінші үйіне айналған. Ал жаңа бүйректен үміт үзген көрінеді.

Балғат Шаханов, Петропавл қаласының тұрғыны:

Мен бірінші мында давлениемен түстім. Басым ауырып, аяғым ісіп кетті. Он шақты жыл осы диагнозға. Донорға баяғыда қойған өшеретке. Хабарсыз кетті. Бесполезно ғой, енді салынбайды да.

Бүгінде Балғаттан бөлек елде үш жарым мыңға жуық адам дене мүшесінің трансплантациясын қажет етеді. Оның 80 пайызы бүйрекке, қалғандары бауыр, жүрек және өкпеге зәру. Еліміздің заңнамасына сәйкес, бас миы жансызданған адам есі сау кезінде донорлықтан бас тартпаса, онда дәрігерлер ағзасының бөлшектерін кәдеге жаратуға құқылы.

Алайда, ақ халаттылар алдымен донордың туған-туысқандарымен ақылдасуды жөн санайды. Қызылжарда ол нәтижесін бере бастаған.

Бүйрекке - 2765 адам Бауырға - 546 адам Жүрекке - 135 адам Өкпеге - 11 адам Барлығы: 3457 адам

Сергей Ишин, СҚО бас трансплантат-үйлестірушісі:

Мәйіт донорлығы деп, бас миы өлген кісілерді айтамыз. Олардың жақындарымен көп әңгіме жүргізіледі. Қазір адамдардың санасы өзгере бастады. Егер 2014 жылы бір-ақ донор ғана болса, былтыр 5 адам бірнеше өмірді сақтап қалды.

2016 жылы мәйіт донорлығы бойынша 30 адамның дене мүшелері мұқтаж жандарға берілді. Былтыр бұл көрсеткіш 77 адамға дейін жеткен. Трансплантация саласын ілгерілету мақсатында қазір заңға өзгеріс енгізу қолға алынған.

Серік Жарықов, трансплантация жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы директорының орынбасары:

Кейбір елдерде адамдардың донорлыққа қатысты пікірі жеке құжаттарында белгіленеді. Паспортында немесе жүргізу куәлігінде. Осы жүйені біздің елде де оңтайландыру мақсатында жуырда шыққан бұйрыққа сәйкес, бұдан былай ел азаматтары донор болуға өз келісімдерін онлайн режимде бере алады. Олардың шешімдері Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттың жүйесінде тіркеледі. Дәрігерлер ол ақпаратты қажет болған жағдайда қолдана алады.

Абзал Құрманкин, тілші:

Әлемде трансплантация жасау жағынан Испания көш бастап тұр. Себебі мұнда азамат паспорт алар бұрын, ең алдымен донорлыққа өз келісімін береді. Былтыр бұл елде 5000 ота жасалған екен. Трансплантация бойынша біздің елдің заңнамасына бірқатар өзгерістер енгізіліп жатыр. Алайда, оның қазіргі ұзын-сонар кезекке қалайша әсер ететіне әзірге белгісіз. Айта кету керек, ағзасын ауыстыруға мәжбүр адамдардың тек 10 пайызы ғана көздегеніне жетеді екен.

А.ҚҰРМАНКИН