Биылғы Жолдаудың жетінші пункті «Адами капитал – жаңғыру негізі» деп аталады.
...Педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керек. Еліміздің университеттеріндегі педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту қажет...» деген жолдар бар. Осыған орай тәжірибелі педагогтың, жас та болса, «жанып» тұрған жігерлі маманның, сонымен бірге ауыл мектебінде істейтін, интернетке қосылуы мұң, ақ қағазға дейін өзі сатып алатын мұғалімнің пікірін жаздық. Айлықтың аздығынан басқа салаға кететінін ашық айтқан мұғалім де бар. Бүгінгі уақыттың картинасын бүкіл бояуымен бермесе де, негізгі контурлары сызылған материалды Диана Сапарқызы дайындады.
Диана Сапарқызы, тілші:
Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақмектеп ауылының мұғалімі жанайқайын фейсбук әлеуметтік желісіне жариялаған. Оны біздің редакция телефон арқылы тыңдап көрді. Мейіржан мұғалімнің айтуынша, ауыл ұстаздарының алаңсыз сабақ беруіне жағдай әлі күнге дейін жасалмаған. Кейбіреуімізге майда мәселе деп көрінетін А4 форматындағы ақ қағазды, барлық кеңсе тауарларын ауыл мектебінің мұғалімдері өз қалтасынан шығарып сатып алатын көрінеді. Тіпті сол ақ қағазды шығару үшін ауыл көшесін кезіп, принтер іздеп кетеді екен. Цифрландыру жүйесіне бет алдық дейміз, ауылдың білім ошағында бір ғана компьютер интернетке қосылған. Ол компьютерге отыру үшін кезекке тұратындарын айтып қынжылады, 11 жылдық тәжірибесі бар ұстаз.
Мейіржан Темірбек, ШҚО Тарбағатай ауданы Ақмектеп орта мектебінің мұғалімі:
Кітаптың жетіспеушілігі де туындап отыр қазір. Кітап жоқ. Одан кейін электронды күнделікке кіріңдер дейді. Электронды күнделікке кіру үшін интернеттің жағдайы көтермейді. Бір-ақ интернет, оған бүкіл мұғалім кезекке тұрады... Білім туралы заңның 52-бабында әлеуметтік кепілдіктер деген бар. Сонда жылда мұғалімге отын-суға ақша береді. Содан биыл алған жоқпыз...Қағаз бастылық көп, бізде.Қағаз басуды, жарайды қойшы, оны да бірдеңе қылып өткізерміз. Бірақ кеңсе тауарларының бәріне ақша бөлінбейді. Ақ қағаздан бастап түгел. Не керек мұғалімге, соның барлығын өздері сатып алады ғой. Біз ерінбей отырып есептедік, сонда бір жылда бір мұғалімге 18 пачка ақ қағаз кетеді. Оның принтері бар. Кейбір жерде материалдық базада принтер де жоқ. Көше - көшені аралап, әркімнен барып сұрап жүргенің. Сонан кейін кейбір мұғалімдер оқушылардан жинайды. Одан кейін ата-аналар оған ренжиді. Неге жинайсыңдар? Мемлекеттен сендерге береді, деген сияқты. Түптеп келгенде мұғалім «коррупционер». Бәрін мұғалімге жаба салады ғой.
Өзгерістерге жұмыс базасы дайын емес. Себебі жаңа бағдарламаға байланысты мұғалімге қойылатын талаптар күшті. Бірақ мектептер әлі де сол 20-шы ғасырдың 80-ші жылдарындағы базамен тұрғанын айтады, «Ұстаздар қауымдастығының» құрылтайшысы.
Аятжан Ахметжан, ҚР «Ұстаздар қауымдастығының» құрылтайшысы:
Сол баяғдағы ескі компьютер, сол баяғыдағы виндоус 97, ворд 2003 базасы деген сияқты матералдық базаның жаңармауы, әйтпесе интернеттің 2 ДЖИ деңгейінде тұруы. Бұл материалдық базамен дәл қазіргі бағдарламаны орындау мүмкін емес. Президент Жолдауында да айтты, жаратылыстану пәндерге басымдылық беру, кейбір жаратылыстану пәндерді ағылшын тілінде оқыту. Дәл жаратылыстық пәндерге басымдылық беру мәселесіне келетін болсақ, ең өзегі ол, химия, физика, биология пәндері үшін - лаборотория, ал айти пәні үшін компьютерлік техника. Интернет. Ауыл түгіл Астаның өзінде 100 мектептің ары кетсе 10-да зертханалық кабинеттер толық шығар. Бірақ қалған 90 мектептің зертханалық кабинеті дәл сол стандартты орындауға қауқарсыз.
Цифрландыру мәселесі бір басқа, жалақының аздығынан білімді жас мамандар мектепте тұрақтамайтын болған. Еркеназ Жортарова - үш тілді жетік меңгерген химия пәнінің мұғалімі. Бір жылдан бері мардымсыз жалақыға күн көріп жүрген маман да мұғалімдіктен өкінішке орай, кетуге асық.
Еркеназ Жортарова, Қарағанды қаласы №101 мектеп-гимназиясының мұғалімі: /9.12.2017 ж./
52-54 мың теңге. Әрине, бұл үлкен қалада тұру үшін аз қаражат. Қаншалықты жұмыстың ауқымы көп болғанмен, жалақы ауқымы өзгеріссіз қала береді. Менің басты мақсатым тәжірибе жинақтау. Өзімді болашақта басқа мамандықта көргім келеді. Себебі бізге жағдай азды,көпті жасалмаған деп ойлаймын.
40 жыл университетте сабақ беретін Жандос Смағұлов, жастардың ғылымға келмейтін себебі де сол жалақының аздығы, әлеуметтік жағдайдың төмендігі, деп, сөздің қысқасы адамды тұрмыс билейтінін айтып отыр.
Жандос Смағұлов, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының докторы:
Жастардың ғылымға келмейтін себебі де сол жалақының аздығы, әлеуметтік жағдайдың төмендігі. 50 мың сомға семьясын асырай алмайды. Не пәтер жоқ. Пәтер жалдап тұра алмайды. Сондықтан олар көбірек жалақы төлейтін жерге ауысып кете беретін жағдайы бар. Мынау магистратураны бітіргендер бар, бірақ олар жалақы аз болғаннан кейін ЖОО-да қалмай, түрлі компанияларға аудармашылыққа, жалақыны көп төлейтін жерлерге кетіп жатыр.
ҚР оқу ісінің құрметті қызметкері Әлия Малдыбаева болса, «Ұстаз» деген қасиетті ұғымға педогогика саласына кездейсоқ келгендер нұқсан келтіріп жатыр деп есептейді. -Өз мамандығын сүйетін адам, матераиалдық жағдайын емес, бірінші кезекте міндетін ойлайды, -деді.
Әлия Малдыбаева, ҚР оқу ісінің құрметті қызметкері:
Ал енді ұстаздың беделі материалдық жағдайына байланысты деп те айтып жатады. Мен өзім бұл сөзге қарсымын. Егердің ұстаздың өзі сабақты жақсы көретін болса, сабаққа кіргенде жігер, шабыт пайда болатын болса, ол материалдық жағдайын ойлауға тиіс емес. Ол үшін ұстаз өзінің пәнін сүюі керек, оған деген ерекше махаббаты болуы керек.
Ал елордалық мұғалім Берікболсын Кемелбектің ауыл мұғалімінің көзімен қарасақ, арманы жоқ. 24 жастағы ағылшын тілі мұғалімнің алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Кеңсе тауарлары, заманауи технологиялар, таза да, жарық, құрылғылармен толық жабдықталған мектеп одан тек оқушыларға сапалы білім беруді талап етеді. Тек Берікболсын қазіргі балалардың тым ерке екенін айтады...
Берікболсын Кемелбек, Астана қаласы №73 физика-техникалық мектап лицейінің ағылшын тілі пәні мұғалімі:
Ең бірінші мәселе ата-аналардың мұғалімдерге түсінушілікпен қарағандығы жөн деп есептеймін. Балаларға сабақ беру оңай нәрсе емес. Мәселер туындауы мүмкін. Біреуі бір үйдің жалғызы, біреуі бір үйдің еркесі. Солардың әрқайсымен тіл табысу. Ең маңызды қиындық - тіл табысу.Сосын баға қою бар...
Диана Сапарқызы, тілші:
Саналы ғұмырын білім беру ісіне сарп еткен ұстаздар үшін Берікболсынның бұл "уайымы" қисынсыз көрінері анық. Өйткені мықты ұстаз небір қиқарды да тезге салып, көндіреді. Бəрі уақытпен келер тəжірибеге байланысты.
Ал Әлия апайдың айтқанындай, мұғалімдікке кездейсоқ келгендер, жоғары оқу орнын бітіргесін «жұмысым болады әйтеуір» деп қосылғандар сияқты. Жалпы, ақ қағаздың өзі уайым болған ауыл мұғалімдеріне балаларға жаңа өнеркәсіптік революция туралы айтасыздар ма, деу біртүрлі ыңғайсыз...
Диана Сапарқызы «Біздің уақыт».