$537.91 €628.87 ₽6.6
×

Криминалдық сипаты жоқ. Ақтөбе облысында автобус өртеніп, 52 адам мерт болған оқиғаға байланысты байлам.

AstanaTV
20.01.2018ж. 20:00
Криминалдық сипаты жоқ. Ақтөбе облысында автобус өртеніп, 52 адам мерт болған оқиғаға байланысты байлам.

Бейсенбіде Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Қалыбай ауылынан 10 шақырым қашықтықта жолаушылар автобусы жанып кетіп, салондағы 57 адамның 52-сі мерт болғаны жұртты «аһ» ұрғызды. 55 адам Өзбекстан республикасының азаматы. Тірі қалған бесеудің үшеуі ОҚО тұрғыны, екеуі Өзбекстан азаматы. Жантүршігерлік оқиғаның себебін анықтау үшін, зардап шеккендер мен опат болғандардың шаңырақтарына көмек көрсету үшін арнайы үкіметтік ведомствоаралық комиссия құрылған. Кеше кешкісін Ішкі істер министрінің орыбасары Ерлан Тұрғымбаев автобустың өртенуіне байланысты басты болжамды айтты – отты абайлап пайдаланбау. Дәлірегі жанар-жағар маймен дүрілдеп жанатын лампаны. Сонымен бірге салонның ішінде 5 литрлік бензин құйылған ыдыс болғаны анықталған. Автобустың қозғалтқышы өшіп қалып, машинаның іші суып кеткен соң, әлгі лампаны жылытқыш ретінде пайдаланған. Екі сағаттай жаққан. Тиісінше, газды-бензинді қоспа автобустың ішін алып кеткен. «Ал бензин құйылған ыдыс абайсызда төгіліп кеткенде жалын лап етіп, 5 минуттың ішінде сонша адам бірден мерт болған. Жол-көлік оқиғасы емес және қылмыстық сипаты жоқ», -деді министрдің орынбасары. Көліктен ешқандай суық қару, оқ-дәрі, олардың қалдығы табылмаған. Мерт болғандардың денесін Өзбекстан жағы алып кеткен. Гендік сараптама сол жерде жасалады.

-Ал аман қалғандардың жағдайы тұрақты, өздерін тәуір сезініп қалды, қатты күйзеліске түскен олармен психологтар жұмыс істеді, қазір денсаулығына қауіп жоқ, үйлеріне қайтуға дайын,- деді Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Алексей Цой.

Мерт болғандардың денесі Ташкентке жеткен. Өзбекстанның төтенше жағдайлар жөніндегі министрі Рустам Джураевтың біздің елімізге көмек пен қолдау үшін рақмет айтқанын «Тенгриньюс» порталы хабарлады. Қысқа мерзімде барлық көмек көрсетілгенін атаған. «Қайғымызды бөліскендеріңізге тағы да рақмет», деген ол. 

«Азаттық» Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзоваға сілтеме жасап, Ақтөбеде өртенген автобустың иесі Ордухан Мехтиев автобусты жолаушыларды тасымалдаушыларға жалға берген, деп жазды. Ал Оңтүстік Қазақстан облыстық көлік басқармасы былай деген:

Автобус иесі жолаушыларды тасымалдаушылармен келісім шарт жасайды да, жүре береді. Заң бойынша тәртіп осы. Біз оны бақылай алмаймыз. Бұл тұрақты бағытта жұмыс істемейтін автобус болып саналады.

Индустрия және даму министрлігінің хабарлауынша, 1989 жылы шыққан автобустың техникалық тексеруден өту мерзімі 2016 жылы 17 ақпанда аяқталған. Автобус тұрақты маршрут бойынша жолаушы тасымалдамаған және тұрақты емес түрде жолаушы тасымалдауға лицензиясы болмаған.«Сетра» – қос қабатты автобус. Көлік жүргізушілері автобустың бірінші қабатына жүк тиелгенін, жолаушылардың екінші қабатта отырғанын айтқан еді...Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Әсет Қалиев «паталого-анатомдық зерттеулер адамдардың термал күйіктен өлгенін көрсетті», деген. Тиісінше, мерт болғандардың нақты кім екенін анықтау оңай болмады... Кеше 30-дан аса дененің кімдердікі екені анықталған. Опат болғандардың барлығы ер кісілер. Наманған облысының тумасы көрінеді. Олардың үлкені 41-де, жасы 19-да болған. Бұл қайғылы жайтқа байланысты Н.Назарбаев Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеевке көңіл айтып, жеделхат жолдады. Ал Ш.Мирзиеев, «Интерфакс» агенттінің хабарлауынша, «бұл трагедия көп нәрседен, оның ішінде халық алдында біздің міндетіміз көп екенінен хабар береді. Адамдар басқа елдерден жұмыс іздеуге мәжбүр, өйткені біз оларға мүмкіндік беріп отырған жоқпыз», деген...