Гитараны сындырғаны үшін 180 млн доллар шығынға батқан авикакомпания бар. Дәлірегі – компания биржалық құнының 10 пайызын жоғалтып – оның акциясын ұстайтындар 180 млн доллардан айырылған. Қалай дейсіз бе? Сәлден кейін баяндаймыз. Ал Астанадан Алматыға ұшып барғанында гитарасының қорабы сынған музыкант Ерлан Көкеев өтемақы ала ала ма? Және оған кінәлі тасымалдаушы компания ма, жоқ әлде әуежай ма? Ол қапаланып, әлеуметтік желіде жазба қалдырған, жұрт іліп әкетті. Жүктің бүлініп, сынуы, басқа бағытқа жөнелтіліп, тіпті жоғалуы жиі дерлік болатын оқиға. Бір демалысымда менің де шабаданым соңымнан 8 күн дегенде жеткен. Дәуренбек Бағдәулеттің материалы.
Әңгімені «әумесердің» әнімен бастағаны несі деп таңдануыңыз мүмкін. Түсіндірейін, дәл осы ән АҚШ-тың белгілі «United Airlines» әуе компаниясын не бары 4 күн ішінде 180 000 000 млн доллар шығынға батырып, жалпы нарықтағы акциясының 10 пайызын жоғалтуына ықпал еткен. Қалай дейсіз ғой? Бұл туралы сюжеттің соңында тоқталамыз. Алдымен отандық әнші, музыкант Ерлан Көкеевтің гитарасы туралы. Дәлірегі, ол Астанадан Алматыға ұшып келгенде аспап қораптарының сынғанын көреді. Тіпті гитарасының электроникасынан ауытқу байқаған.«25 жылдық гастрөлдік сапарда мынадай сұмдық жағдайға алғаш рет тап болдым» - деген музыкант Ерлан Көкеевтің фейсбук желісіндегі жазбасы азаматтардың реакциясын туғызды. Олардың қалдырған коментарийлерінен мұндай жағдайдың жиі болып тұратыны, оған компания өкілдерінің бас ауырта бермейтіні байқалады. Бұл туралы да сәл кейінірек. Біз алдымен Көкеевтің өз аузынан мән – жайды тағы бір сұрап білдік. Музыкант, әлдекімдер жүгін қасақана бүлдірген деп қауіптенеді.
Ерлан Көкеев, әнші, сазгер:
Кез-келген аспап музыкант үшін жан-дүниесінің бір бөлігі. Барынша мәпелеп ұстайды. Оның үстіне біздікі жәй ғана аспаптар емес, кәсіпқой музыканттарға арналған бағалы дүниелер. Алматыға келген соң гитараның коферінің бірнеше жерден сынғанын көріп, таң қалдым. Себебі ол жолда тасымалдауға арналған мықты материалдан жасалған. Ол лақтырғаннан сынбайды, оларды әдейі бүлдіргенін сезіп тұрмын.
Музыкант болған жәйді баяндау үшін бірден әуежай әкімшілігіне барады. Алайда «демалыс күні» деген желеумен, клиенттердің шағымын тыңдайтын ешкім болмапты. Кейінірек, өзінің ұшағымен ұшқасын «Bek Air» компаниясының Көкеевтің мүлкі неге бүлінгенін анықтауға кіріскені хабарланды. Ал әуежай жағы «егер сазгердің музыкалық аспаптары әуе айлағы қызметкерлерінің кесірінен сынғаны анықталса, шығынды өтеп беруге дайынбыз», - деп мәлімдеген.
Салтанат Меңдібаева, «Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежай» АҚ баспасөз хатшысы: ///телефон арқылы¤
Астана әуежайы қазір ішкі қызметтік тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. «Бек Эйр» әуе компаниясына тиеселі жүктің біздің әуежай аумағында бүлінгені анықталса, әуе айлағы сазгерден кешірім сұрап, оның шығынын өтеп беруге дайын.
Жалпы, жолаушыладың шабаданы бүлініп, немесе кешігіп келіп жататыны, басқа рейспен басқа бағытқа кетіп қалатыны, тіпті жоғалып кететіні тіршілікте болатын жағдайлар. Мына бір кадрларда жүктің ұшаққа қалай артылып, қалай түсірілетіні бейнеленген. Көкеевтің де қымбат дүниесі осындай жүкшілердің қолына түскен-ау. Негізі, бұдан ешкім сақтандырылмаған дейді, біздегі бір әуе компаниясының коммерциялық директоры.
Николай Буряков, әуе команиясының коммерциялық директоры:
Мен ұшақпен көп жүретін адаммын. Бірде менің шабаданымның ұстайтын жері сынып келген болатын. Ондай жағдай кез-келген адамның басынан өтуі мүмкін. Әлемнің кез-келген әуежайында осындай жағдай болып тұрады. Біз бұндай тосын жағдайдан ешқашан қашып құтылмаймыз.
Егер осындай жағдайға тап болсаңыз, не істемек керек? Әуе компанияларымен жиі соттасатын, жақында ғана түрік азаматы Оғыз Доғанның «Эйр Астана» әуе компаниясына қарсы жазған шағымында адвокат болып, істі жеңіп шыққан Абзал Құспан былай деп кеңес береді.
Абзал Құспан, адвокат:
Тұтынушы заты жоғалып, бүлініп немесе басқа бағытқа ұшып кеткенін анықтаған сәттен бастап, осы жағдай туралы сол әуежайдағы көлік полициясы немесе көлік прокуратурасына арыз жазып қалдырған дұрыс. Әуежай тасымалдаушыға да арыз жазып қалдыруға болады. Қолындағы жүкке берілген чекті жоғалтпай, сақтап қою керек. Арыз жазғанда қосып бересіз. Немесе қазір техникалық мүмкіндік те көп қой, ұялы телефонға түсеріп, дәлелдерді сақтап қалуы керек.
Адвокат, әуе компаниясы заттың бүлінгеніне кінәлі еместігін дәлелдеген жағдайда ғана жауапкершіліктен босатылатынын айтады. Мұндай жағдайда жауапкершілік жергілікті әуежайға артылады. Десе де әуежай болсын, әуе компаниясы болсын, тұтынушының шағымына қол сілтей қарауына бір ғана себеп бар, ол - бәсекелестіктің жоқтығы. Былайша айтқанда, өздерінің аз екенін білетін олардың ойынша, жолаушы қайда барады, айналып-айналып, қайтып келеді. Ал шығынды өтегеннің өзінде әуежай өкілдері бір жылда қанша жолаушының затын бүлдіргендерін, оларға қанша өтемақы төлегенін айтпайды.
Ибрахим Жанлыел, «Эйр Астана» әуе компаниясының қаржы бойынша атқарушы директоры:
Нақты ақпаратты айта алмаймын, бірақ эйр Астананың жүктерді жоғалту не болмаса бүлінуі турасындағы статистикасы халықаралық статистикамен салыстырғанда әлдеқайда төмен.
Алик Ганиев, « SCAT» әуе команиясы заң бөлімінің басшысы:
Дөп басып айту қиын, дегенмен, жүктің жоғалуы, бүлінуі сынды айына кем дегенде 10-12 оқиға болып тұрады. Бірақ біздің компания жауапкершіліктен қашқан емес, тиісті құжаттарды толтырса, өтемақысын төлейміз.
Өтемақы төлеудің бірыңғай халықаралық тәртібі бар. Ол «Монако конвенциясы» деп аталады. Бұл құжат бойынша жүгіңіз жоғалып немесе бүлінсе жүктің бір келісіне шамамен 6 доллар өтемақы төленуі тиіс. ИАТА деген халықаралық ұйым, осы нормаларды бақылап отырады. Бірақ авиакомпаниялар «имиджіме сызат түседі» деп, жоғалған, қолды болған заттар статистикасын жарияламауға тырысатын көрінеді.
Джордан Карамалаев, ИАТА халықаралық әуе көлігі қауымдастығының аймақтық менеджері:
Бірде бір компания ондай сандарын жарияламайтыны анық. Менің 40 жылдық еңбек өтілімде ондай сан көрмедім. Бірақ технологиялардың дамуына орай, болашақта JPS арқылы кез-келген жолаушы өз жүгін бақылап отыра алады. Бұл Монако келісімінде де сөз болған.
Әуе қызметін пайдаланатын көпшілік біздің әуе компаниялардың клиенттерін бағалап, өз жолаушыларын сотқа дейін сенделтпей, өтемақы төлеген күні жоқ шығар дейді. Әлеуметтік желілерді шолып шықсақ, мынадай пікірлер бар:
Мұхаммедияр Рашай: Бізде өзі әуежайда жауаптысың деген түсінік бар ма? Қайдам... олар бір жүрген ЗОМБИ, ештеңеге жауап бермейді.
Азамат Оспанов: Қазақстанда қызмет көрсету дамымаған. Ережелерді бір жерден көшіріп алып, қоя салған. Оның мағынасын өздері де білмейді. Дамыған елдерде бұл қызметті арнайы оқытады. ЖОО –да арнайы факультеттер бар. Біз әзірге даму үстіндеміз. Әлі кемі бір ғасыр даму керек. 2050-ші жылға дейін үлгермейміз-ау...
Диана Снегина: Әуежайдың жүкті тиеп, артатын жеріне камера қойып қою керек. Кейін оны күту залындағы экрандардан көрсетіп тұрса. Мысалға «Тoyota centerде» солай, көлігіңді кімнің , қалай жөндеп жатқанын көріп тұрасың. Әуежайда да солай болса, заттарымыздың қалай тасымалданатынын, қалай тиелетінін көріп отырушы едік.
Ал біз сюжет басындағы гитара туралы әнге қайта оралайық. Бұл Дэйв Кэрролл есімді музыкант. Оны 2009-шы жылға дейін көп ешкім тани қоймаған. Сол жылы ол Чикагодан Небраска штатына концерт беруге жолға шығады. United әуе компаниясы оған гитарасын қолына алып отыруға рұқсат бермей, жүк бөліміне өткізуді бұйырған. Жерге қонғасын Дэвид құны 3500 доллар тұратын гитарасының быт-шыт болып сынғанын көреді. Алайда әуекомпаниясы істі 1 жыл бойы созбақтап, соңында өтемақы төлеуден үзілді-кесілді бас тартқан. Ашынған сазгер кейін «Юнайтед гитарамды сындырды» деген, дәл осы өлеңді шығарып, оған бейнебаян түсірген. Оны желіде бірнеше күнде 16 миллион адам көріп, Дэвид табан асты танымал болып шыға келді, бұл бір. Екіншіден, музыкалық аспап шығарушы Taylor компаниясы оған екі бірдей су жаңа гитара сыйлады. Үшіншіден, 4 күннің ішінде әуе компаниясы биржадағы құнының 10 пайызын жоғалтып, 180 000 000 млн доллар шығынға ұшырайды.
Дәуренбек Бақдәулет, тілші:
Осыдан кейін United әуе компаниясы өкілдері Дэвидке қыруар қаржы ұсынып, клипті әлеуметтік желіден алып тастауды өтінген. Алайда Дэвид компанияның кезінде өзіне айтқанын қайталап, жоқ деп, клипін өшіруден бас тартқан. Әуе компаниясына немесе әуежайға байланысты сазгер Ерлан Көкеевтің де дәл осындай ән шығаратын ойы бар. Алайда біздікілердің басым көбінде өкінішке қарай, адамның құқын таптаған компанияларға «бойкот» жариялайтын қасиет жоқ. Қасиет бар болса да, бәсекелестік жоқ. «Бәрібір осылардың қызметін пайдалануға тура келеді» деп ойлайды. Сондықтан сапардың сәтті аяқталғанын тілеуден басқа амал жоқ.
Дәуренбек Бақдәулет «Біздің уақыт».