Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Алматыда 30 жылға жуық жұмыс істеп келген ақылы тұрақ сүрілді

AstanaTV
18.01.2018ж. 20:00
2070
Алматыда 30 жылға жуық жұмыс істеп келген ақылы тұрақ сүрілді

Алматыда 30 жылға жуық жұмыс істеп келген ақылы тұрақ сүрілді. Өйткені жерді жалға алу мерзімі 10 жыл бұрын аяқталған. Бөгенбай батыр көшесі мен Мұқанов көшесінің қиылысында орналасқан көлік тұрағы «Алтын дән» тұтынушылар кооперативіне тиесілі. Мұнда 100-ге жуық транспорт орны бар болатын. 

Олег Курватов, Алматы қаласының тұрғыны:

Бұрын жарты жылдан аса уақыт көлігімді қоятынмын. Ол кездегі күнделікті төленетін сомма 300 теңгені құрады. Ал, қазір 1 жылдан асты мотоциклімді қалдырамын. Әрине, сүріледі дегенді естігенде қатты ауыр тиді. Өйткені қалада ақылы тұрақ табу қиын. Табылған күннің өзінде тұратын үйімнен жырақта болады.

Аталмыш мекеменің жерді босатуы туралы сот үкімі 2016-шы жылы шығарылған. Сол уақыттан бері ескертумен шектеліп келген сот орындаушылары еш әрекеттің болмағандығын айтады. Рустам Халикуловтың сөзіне сүйенсек, қараша айында мекеме басшылығы өз қолымен түсініктеме жазып, жұмысын тоқтатуға уәде беріпті. Бірақ, ол да орындалмапты.

Рустам Халикулов, сот орындаушы:

«Алтын дән» тұтынушылар кооперативі басшылығына сот шешімі сан мәрте түсіндірілді, ескерту қағазы да көрсетілді. Тіпті, өз қолымен міндетіне алатындығын айтып уәде де берді. Бірақ, осы уақытқа дейін ешқандай әрекет болмады. Ескерусіз қалдырып, елеген де жоқ. Сол себепті бүгін күштеп сүру жұмыстарын жүргізіп отырмыз.

Бір қызығы, бүгінгі сүру жұмысы кезінде тұрақ басшылығы тарапынан бір адам болмады. Тек күзетші ғана келгендермен күресіп әлек. Оның үстіне, бірқатар көлік иесі келмегендіктен, сот орындаушылары жартылай сүру жұмыстарын жүргізді. Енді, жақын күндері транспорттар толық шығарылса, басталған іс аяғына жеткізілмек.