Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Алдын ала болжам бойынша өрт автобус салонында ашық отты пайдаланғаннан болуы мүмкін

AstanaTV
19.01.2018ж. 20:00
2877
Алдын ала болжам бойынша өрт автобус салонында ашық отты пайдаланғаннан болуы мүмкін

Алдын ала болжам бойынша автобус салонда ашық отты пайдаланғаннан өртенген болуы мүмкін. Бұндай болжамды еліміздің Ішкі істер министрлігінің өкілдері мәлімдеді. Оқиға орнында жедел тергеу тобы мен өрт зертханасы үшін апат болған жерде жұмыс істеп жатыр. Өңірге Өзбекстан Төтенше жағдайлар министрі Рустам Джураев бастаған делегация да келді. Жақсыбек Кемал баяндайды.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Қайғылы оқиға болған жерде жедел тергеу тобы, өрт зертханасы, Үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр. Олар жантүршігерлік оқиғаның қалай болғанын анықтамақ. Өзбекстан тарапынан келген делегаттар да  өрт тұтанған аумақта.

Ал тірідей өртеніп кеткен өзбек азаматтарының барлығы Ақтөбедегі мәйітханаға жеткізілген. Бүгін қаза тапқандардың қаралы тізімі шықты. 52 адамның тек 32-сінің ғана аты-жөндері белгілі болып отыр. Денелерін қатты күйгендіктен, көбін тану мүмкін емес, дейді мамандар. Олар Өзбекстанның Наманган аймағының 19 бен 41 жас аралығындағы тұрғындары болып шықты. Автобустағы өрт салонда ашық отты пайдаланғаннан болуы мүмкін деген болжам бар. Бірақ бұл кездейсоқ оқиға дейді Үкіметтік комиссияны басқарған Ішкі істер вице-министрі.

Ерлан Тұрғымбаев,  ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

Ерекше айта кеткім келеді, ол жерде жол көлік оқиғасы болған жоқ. Автобус техникалық жағдайы дұрыс күйде жолдың жиегінде тұрған. Ешқандай қылмыстық жағдай болғанын анықтамадық. Кездейсоқ болған оқиға. Бұны тірі қалған бесеудің жауабы да айғақтайды. Алдымен ащы түтін тарағандықтан, көбі уланып қалған.

Вице-министрдің сөзінше, есік ашылғанда салонға оттегі кіріп, өрт лап ете қалған. «Сетра» маркалы автобус екі қабатты, жоғарыда адамдар, ал бірінші қабатта жүктер жатқан. Жүк толық өртенгендіктен, жалын қатты болған. Сондықтан ешкім тысқа шыға алмай қалған болуы мүмкін.

Серік  Төленбергенов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:

«Тәулік бойы сот-сараптамалық жұмыстар жүргізіледі. Одан кейін мүрделерді Өзбекстанға жіберу жайы шешіледі».

Жедел тергеу тобы мен өрт зертханасы үшін апат болған жерде жұмыс істеп жатыр. Оқиға орнында еліміздің ведомоствоаралық комиссиясымен бірге өзбекстандық мамандар бар.

Тимур Рахимов,  Қазақстандағы Өзбекстан елшісінің кеңесшісі:

Барлық жұмыстар тез арада атқарылады деп үміттенеміз. Қазақстандық әріптестерімізбен бірге қаза болғандардың денесін Өзбекстанға жеткізу жайын уақытында қабылдаймыз деп ойлаймын.

Ал, өрттен аман қалған науқастарға күзет қойылды. Олардың жағдайын облыстық жедел жəрдем ауруханасының бас дəрігері хабарлады. Өзбекстанның екі азаматы бүгін елдеріне жіберіледі.

Рахымжан Арыстан, облыстық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері:

Жағдайлары кеше түскенде орташа дәрежеде болды. Біздің мекеменің дәрігерлері ем тағайындап, бүкіл шара қолданып, жұмысын жасады. Қауіп жоқ. 

Жақсыбек Кемал, тілші:

Облыстық Ішкі істер департаменті апат куәгерлері мен оқиғаға қатысты қандай да бір ақпаратты білетін тұлғалардан 102 номеріне хабарласуды сұрайды. Немесе Төтенше жағдайлар департаментінің жедел желісіне төменде көрсетілген нөмірлер бойынша хабарласуға болады.

+7 7132 56-29-62, +7 7132 56-68-85

Жақсыбек КЕМАЛ