Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Ауғанстандағы лаңкестер шабуылы кезінде Қазақстан азаматы қаза болды

AstanaTV
22.01.2018ж. 20:00
2985
Ауғанстандағы лаңкестер шабуылы кезінде Қазақстан азаматы қаза болды

"18 адамның өмірін жалмаған Кабулдағы теракт Қазақстан төрағалық ететін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі жиынымен байланысты болуы мүмкін. Мұны жоққа шығаруға болмайды". Сыртқы істер  вице-министрі Ержан Ашықбаев осылай деді.  Айтуынша, соңғы 7 жылда алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің миссиясы Ауғанстанға барды. Ал арада тура бір апта өткенде, лаңкестік болып отыр.

Ержан Ашықбаев, ҚР Сыртқы істер вице-министрі:

Террористер өздерінің қанқұйлы әрекеттерін барынша көрсетуге тырысады. Бұл жолғы сапар БҰҰ ҚК-нің тұрақты және тұрақты емес мүшелеріне лаңкестік қаупінің қаншалықты өткір күйде тұрғанын еске салу үшін ұйымдастырылды. Бұл елдегі ахуалды бейбіт түрде шешу жолдарын іздеу тұрғысында да маңызды. 

Террористер шабуылы кезінде 40 жастағы Қазақстан азаматы қаза тапты. Сыртқы істер министрлігі өкілдерінің айтуынша, 1978 жылы туған астаналық кәсіпкер шабуыл кезінде Intercontinental қонақ үйінде болған.

Марқұмның ислам республикасында 4 айдай жұмыс істегені белгілі болды. Өкінішке орай, отандасымыз дәл сол лаңкестер шабуылына ұшыраған қонақ үйге тоқтаған. Оның қайғылы қазаға ұшырағаны туралы туыстарына хабарланды. Жерлесімізден бөлек, тағы 13 шетелдік пен 4 ауғандық көз жұмған. 

Әнуар Жайнақов, ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы:

Ауғанстанға іскерлік мақсатымен телекоммуникация саласында жұмыс істейтін компанияның шақыруымен барған. Қазір біздің дипломаттарымыз оның денесін Қазақстанға жеткізу мәселесімен айналысып жатыр.

Ал, Қазақстан бейбіт халықтың, сондай-ақ Ауғанстанға келген шетел азаматтарының өліміне соқтырған террористік әрекетті қатаң айыптайды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі таратқан ресми мәлімдемеде айтылған. Сондай-ақ маңызды мәлімдемеде "Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретінде Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға, терроризмді басып, елді қалпына келтіруге көмектесуін жалғастырады. Барлық саяси күштерді ұлттық татуласу бойынша келіссөздер жүргізуге шақырады,- делінген.