Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Петропавлда бүгін сары аяздың кесірінен 19 тұрғын үй сусыз қалды

AstanaTV
23.01.2018ж. 20:00
2998
Петропавлда бүгін сары аяздың кесірінен 19 тұрғын үй сусыз қалды

Қытымыр аяз қыспаққа алды. Елордада 25 адамды үсік шалып, 4 адам ауруханаға түскен. Ал Петропавлда сақылдаған сары аяздың кесірінен 19 "тұрғын үй" сусыз қалды. Жауапты мекеме өкілдері бұл жағдайды су магистральдерінің қатуымен түсіндіріп отыр. Табиғаттың тосын мінезі жан-жануарларды да аяп жатқан жоқ. Олар тұрған жерлерінде сеспей жатқан. Сондықтан Астана тұрғындары арнайы акция жариялап, көмекке зәрулерге қол ұшын созуға шақырып жатыр.

Қызылжардағы көпқабатты баспаналар алдымен ыстық судан, кейін салқын судан да қағылған. Жердің үстімен өтіп жатқан құбырлар жылытқыш материалмен қапталғанмен, қатты аязға шыдас бермей жатыр. Тіпті үйлерді ыстық сумен қамтитын жүйелер де қатып қалған. Қазір қаланың түкпір-түкпірінде жұмылдырылған коммуналдық қызметтер құбырларды жылытып әлек. Абырой болғанда, әзірге су жүйелерінде апаттар тіркелген жоқ. Айта кету керек, сусыз қалған баспаналардың дені - ескі үйлер.

Сергей Визеров, «Қызылжар су» ЖШС бас инженері:

Сусыз қалған үйлер кемінде елу жыл бұрын тұрғызылған. Бұл баспаналарда жертөле болмағандықтан, су жүйелері жер бетімен өтеді. Қазір қала бойынша алты топ жұмыс істеп жатыр. Синоптиктер жұмаға қарай аяз саябырсиды деп болжамдайды. Демек, құбырлардың қатуы жақын арада тыйылмақ.

Ал Астанада далада қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығына аяз басталғалы бері 30 адам паналап келген. Үскірік аязға байланысты орталық тіптен ішімдік ішкендерді де қабылдап жатыр. Радик есімді азамат жанұясымен жанжалдасып, далада ішімдік ішкен. Салдарынан аяқтарын үсітіп алған.

Радик:

Мен осы аязды боранды күндері вокзал аралап жүрдім. Қонатын жерім болмады. Ішіп те жүрдім. Сосын бағыма орай осы орталықтың патруль қызметі келіп, жағдайымды сұрады. Соңдарынан ердім. Қазір осы жерге келіп есімді жиып жатырмын.

Орталықтың өкілдері аязда далада қалғандарға тәулігіне 24 сағат есік ашық екендерін айтып отыр. Сарышұнақ жануарларды да аяп жатқан жоқ. Әлеуметтік желіде Астанадағы ықшам аудандардың бірінде иттің және шарбақтың аржағына тырмысып өтпек болған қоянның сеспей қатып өлген бейнесі тарады.

Астаналықтар сақылдаған сары аязда қол ұшын созуға үндеп жатыр. "Астана - мейірімді қала" атты ІІІ-бөлімнен тұратын акция ұйымдастырылды. Аялдамада тұрған жолаушыны қажетті мекенжайына қайырымды жүргізушілер тегін тасымалдап жатыр. Астаналық жеке кәсіпкер жұмыстарын ысырып, сақылдаған аязда жолаушыларды ақысыз жеткізіп салып жатыр. Бүгін қайрымды жан 20-дан аса адамды діттеген жерлеріне жеткізген.

Гейдар Шымшылов, кәсіпкер:

Қыс болғаннан кейін түсініп тұрмыз, қазір қаншама автобус жүрмей жатыр. Сол шығып біраз көмегіміз тисін деп ниет етіп жатырмыз. Жылына бір мәрте осындай дүние  шығуға ешқандай кедергі келтірген жоқ. Алла беріп жатқаннан кейін осы Алла жолына шықтық.

"Астана мейірімді қала" акциясының аясында қайырымды жандар әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмір түсіріп берді. Ал "Нұр Астана" мешітінің алдында акция аясында жол тазалаушыларға жеңіл ыстық тағамдар ұсынылды. Астаналық дәмханалар мен дәріханалар да тоңып қалғандарға ыстық шай беріп, сауапты іске ортақтасып жатыр.