Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Өзбекстан тарапы Ақтөбе облысында болған қайғылы апаттың себебін анықтады

AstanaTV
24.01.2018ж. 20:00
2942
Өзбекстан тарапы Ақтөбе облысында болған қайғылы апаттың себебін анықтады

Бүгін Өзбекстан тарапы Ақтөбе облысындағы апат себебін жариялады. Тірідей өртеніп кеткен жолаушылардың аман шығуына "жүк" кедергі болған. Өйткені автобустың іші дорбаларға лық толы болыпты. Оның үстіне жүк шамадан тыс көп болған. Тез жанатын заттан өртенген автобуста жылыту қондырғысы істемеген. Және қарапайым қауіпсіздік ережелері сақталмаған. Ал өртке қарсы қондырғылар жарамсыз болып шықты.

Енді осындай заңбұзушылықтармен жолаушы тасымалдап жүрген елдегі барлық автобустар тексерілетін болады. Талдауға сүйенген прокурорлар, жолаушы тасымалдауда "жүгенсіздік" барын растап отыр. Сондықтан бүгін Бас прокурор Бас көлік прокуратурасына тексеру жүргізуді тапсырды. Бұған дейін, қайғылы апаттан соң,  Индустрия және даму министрлігінің Көлік комитеті мен Ішкі істер министрлігі тексеріс жасайтындарын хабарлады.

Бас прокурор Қайрат Қожамжаров Бас көлік прокуратурасына және облыс прокурорларына аталған салада тексерулер ұйымдастыруды тапсырды. Аталған шаралардың мақсаты - белгіленген жолаушыларды тасымалдау талаптарын өрескел бұзушы тасымалдаушылар қызметінің жолын кесу, сондай-ақ жолдардағы апаттар мен төтенше жағдайлардың себептерін жою болып табылады.

Ақтөбе облысындағы қайғылы оқиға 18-ші қаңтар күні болған еді. Автобусқа мінген 57 адамның 52-сі қаза тапты. Ішкі істер министрлігі, өрт салонда ашық отты пайдаланудан тұтанғанын, хабарлады. Қаза тапқандардың аты-жөндері белгілі болып, мәйіттері Өзбекстанға жеткізілді. Олардың арасында ағайындылар да бар. Ал аман қалған 5 адам әлі ауруханада. Дәрігерлер тергеу аяқталмағанын айтып отыр.