Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Оңтүстікке де саршұнақ аяз жетті

AstanaTV
24.01.2018ж. 20:00
5219
Оңтүстікке де саршұнақ аяз жетті

Сарышұнақ аяз елдің оңтүстігіне де жетті. Алматыда баспанасыздарды бейімдейтін орталық лық толған. Таулы аймақтарда ауа температурасы -35 градусқа дейін төмендейді деген болжам бар. Сондықтан мамандар тауға, ұзақ сапарға шығуға болмайтынын ескертіп жатыр. Алматылық тілшіміз студиямен байланыста. Ришат, күннің күрт суытқаны сезіле ме?

Ия, Ләйлә, өткен тәулікте Алматыда термометр көрсеткіші бірден өзгерді. Кешқұрым -21, ал түнде ол 25 градусқа дейін төмендеді. Әсіресе, үйсіз-күйсіз күнелтетіндерді қабылдайтын орталық қызметкерлерінде кеше түнде тыным болмаған. Барлығы 180 адамды қабылдауға арналған мекеменің еденіне дейін жайма төселген. Бұл жерге 200-ге жуық адам пана іздеп келіпті. 

Жанна Жақыпбекова, Алматы қалалық әлеуметтік бейімдеу орталығының  қызметкері:

Негізінен аяқ-қолдары үсігенше далада жата береді. Осында әкелген соң, денсаулығын қарап, шұғыл медициналық көмек керек болса, жедел жәрдем шақыртамыз. Ал талап бойынша олар осында бір жылға дейін келісімшарт негізінде тұра алады. Біз ең көбі 180 адамды қабылдаймыз. Қазір олардың саны 192-ге жетті. Алда тағы аязды күндер бар. 

Денсаулық сақтау министрлігі бүгін қатты аяздан зардап шеккен отандастырымыз туралы ақпарат таратты. Апта басынан бері 223 адамды үсік шалған. Оның ішінде 73 адам ауруханаларға жатқызылған. Шығыс Қазақстанда - 54, Павлодарда - 26, Қостанайда 9 адам дәрігерлік көмекке жүгініпті. Ал мамандардың айтуынша, Алматыда бір адам үсікпен ауруханаға жеткізілген. Екі отбасы түтіннен уланыпты. Ал әзірге мектептерде сабақ тоқтатылған жоқ.

Сандуғаш Баймұхамбетова, Алматы қаласы ТЖД ресми өкілі: 

Коммуналдық қызметтер шұғыл жұмыс тәртібіне көшті. Осындай суыққа дайынбыз деп айтсақ болады. Минус 25 градуста білім басқармасының ақпараты бойынша сабақтар әлі жүріп жатыр. Егер желдің екпіні секундына 25-30 метрге дейін күшейетін болса, сабақты тоқтатуы әбден мүмкін. Ол шешімді жалғыз департамент емес, білім басқармасы мен Қазгидромет бірігіп жасайтын шара.

Күннің суытуы Тесла көліктерін қуаттайтын орталықтардың да жұмысына әсер етіп жатыр. Әдетте 2,5-3 сағатта энергиямен толығатын бір көлікті енді 5 сағат қуаттау керек көрінеді. Бірақ мұнда кезек күткен тұлпарлар байқалмады. 

Виталий Принзин, Учет.кз компаниясы бас директорының орынбасары:

Негізінен, электрокөліктердің қозғалтқышы электр аккумляторына тікелей байланысты. Ал, ол дөңгелектің жанына орнатылған. Суықта аккумляторлардың температурасы түскендіктен, қуаттандыру ұзақ уақытты алады. Ал станса -40 градуста да жұмыс істей береді. Күніне 2-3 көлікке қызмет етеміз.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Синоптиктер Алматы аумағында жел тұрмайды, бірақ шыңылтыр аяз түнде күшейіп, күндіз әлсіреп отырады деп болжайды. Оңтүстіктегі ең суық нүкте әзірге Талдықорған қаласы. Мұнда ауа температурасы -35 градусты көрсетіп тұр. Бірақ мамандар бұл осы жыл мезгілі үшін қалыпты құбылыс, дейді. Ләйлә.

Рахмет, Ришат. Еске салайын, студиямен тікелей байланысқа шыққан әріптесім Ришат Асқарбекұлы болатын.