Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Сарышұнақ аяз

AstanaTV
26.01.2018ж. 20:00
4479
Сарышұнақ аяз

Жолда қалған 600 адам құтқарылды. Сақылдаған сары аязда далада қалғандар дін аман. Күннің суытуына байланысты жолаушылар пойызының кестесі өзгеруі мүмкін. Өйткені жылдамдықты бәсеңдету туралы тапсырма берілген. Бұл туралы "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметі хабарлады. Алматыда күннің суытуынан сабақ тоқтатылды.  Мамандар бұл 18 жылда болмаған жағдай деп отыр. Қазір аймақтағы тілшілер студиямен байланысқа шығуға дайын. Алдымен Қызылжардағы тілшіміз Абзал Құрманкинге сөз берейік. Мұнда аяз күшейгелі өрт оқиғалары көбейпіпті. Абзал...

Абзал Құрманкин, тілші:

Ия, Ләйлә, өкінішке орай 8 адам өрт құрбаны болған. Жұрт қара суықта үсіп кетпес үшін отынды шамадан тыс жаққан. Төтенше жағдай мамандары осылай деп отыр. Аймақта аяз тұрған 5 күн ішінде жеке үйлердің өртенуі 30 пайызға көбейген. Сондықтан мамандар үйді-үйді аралап, тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға шақырып әлек. 

Игорь Балеев, СҚО ТЖД басқарма басшысының орынбасары:

Жыл басынан 68 жер үй өртенсе, оның 23-і осы аптада жанып кетті. Шығын көлемі 2 миллион теңгеден асқан. Үйі жөндеуді қажет ететін азаматтар туған-туысқандарына орналастырылды. Біз қауіпсіздік шаралары жөнінде әрдайым жұртты ескертіп жатамыз. Бірақ, көп жағдайды халық бұл талаптарға мән бермейді.

Сақылдаған сары аяз тұрғанына қарамастан, Өзбекстан азаматтары басын тәуекелге тігуді тыяр емес. Полицейлер Ресейге бет алған халықаралық рейсті автобустардың бірін тоқтатуға мәжбүр болды. Себебі дизельдік отынмен жүретін көліктер минус 30-35 градус аязға шыдас бермей жатыр.

Үш күн жолда тұрдық. Кеше осы жерге, Петропавлға келдік. Сотрудниктер бізге жәрдем берді. Сопровождениемен қаламен алып келіп, осы жерге қойды. Осы жерде, адам бар жерде тұрыңдар, айдалада тұрмаңдар деді

Абзал Құрманкин, тілші:

Мамандар далада қалған 8 көліктің 20 жолаушысын құтқарған. Қазір облыста 200-ден астам жылыту бекеті жұмыс істеп тұр. Синоптиктер қыс қаһары ертең бәсеңдейді деп отыр. Сондықтан жолдағы шектеулер алынуы мүмкін. Олжас, ауасы ылғалды Алматыда аяз -30 градусқа жетіпті. Сабақ тоқтатылған болар?

Олжас Нұржақып, тілші:

Ия, Абзал, 1-9-шы сынып оқушылары үшін бүгін сабақ тоқтатылды. Ертең де 5-11 сынып оқушыларына сабақ болмайтыны ескертіліп жатыр. Өйткені жоғары сыныптағылар үшін ертең сабақ болуы тиіс еді.

Ләззат Жылқыбаева, Алматы қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары:

Бұндай жағдай Алматы қаласында соңғы жылдары тұңғыш рет болып отыр. 27-ші қаңтар күнінде де Алматы қаласындағы мектептердің 5-11 сыныптарында сабақ тоқтатылатын болады. Балабақшаларда бізде төтенше жағдайлар департаментінің нұсқау хаты бар. Ол жерде қалыпты жағдайдан -3, -5 градусқа шейін төмендеген жағдайда ата-ананың өз еркі. Апармауға болады.

Мегаполистегі мектеп оқушыларын үйге қамаған қара суық қала тұрғындарын да әбігерге салды. Таңнан тұрып көліктерін оталдыра алмай айналшықтаған жүргізушілер не істерлерін білмей дал болды. Бірі көршісінің көмегіне жүгінсе, енді басқалары қоғамдық көліктерге отырған.

Бүгінде таңғы сағат 8-ден бастап машина оталмай жатыр. Қалай оталдырамыз, білмеймін. Жұмыстан кеш қалдық. Күннің суығынан. Болмаса осы күнге дейін оталып жүрген машина ғой. 

Көлікті өздері оталдыра алмағандар қызмет көрсету орталықтарына жүгініп жатыр. Астанада сарышұнаяқ аяз бірнеше күннен бері тұр. Бәлкім, астаналықтар көлікті қыздырудың амалын тапқан болар, Диана?

Диана Сапарқызы, тілші:

Олжас, Астанадағы көлік жүргізушілері де шарасыз. Қатып қалған көліктерін эвакуатормен техникалық қызмет көрсету орталықтарына жеткізіп жатыр. Мұндағылар аяз басталғалы күніне кемі 10 көлік қабылдап әлек. Мамандардың айтуынша, көлік жүргізушілері аязды күндері қандай майларды қолдану керектігін білмейді деп, кеңесімен бөлісті.

Владимир Зинчак, автомеханик:

Біріншіден -40,-50 градустарға төзімді май алу қажет. 0В20, 0В30 сияқты арнайы маркалы майлар бар. Әрине, оның фирмаларын жүргізуші өзі таңдап алар. Сонымен бірге, осындай аязды күндері әдеттегі 92 маркалы жанар-жағармай емес, бұл кезде 95 және 98 маркалы бензинді құйған жөн. Бұның бәрі көліктің тез қызуына жақсы.

Көлік иелері аяз түскелі маза қашқандарын айтады. Валерий бұл орталыққа осымен 8 рет келіп тұрғанын айтады.

Валерий Гембух, автожүргізуші:

Аяздың кесірінен көлігімнің қозғалқышы істен шығып кете береді. Қатып қалады, оны жылытуға тура келеді. Бірнеше рет эвакуатормен алып келемін. Көлігімді жөндету үшін қалтам да қағылып отыр.

Әсемгүл, Павлодарда жағдай қалай?

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Рахмет, Диана, бізде күннің суықтығынан қоғамдық көліктердің кестесінде ауытқулар болды. Әсіресе, бұл кешкі уақытта қатты байқалды. Осы мезгілде автобус күтіп, жаурап қалғандар көбейе түсті. Жағдайды ескерген керекулік жастар бірегей акцияны қолға алды. «Мейірімді Павлодар!» деп аталған шара кешкі алты мен сегіздің аралығында аялдамадағы жолаушыларды үйді-үйіне тегін жеткізуді көздеген.

Саят Жүсіпбаев, Павлодар облыстық жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры:

Таңертең жұмысқа бара жатқанымда аялдамада адамдардың тоңып тұрғанын байқадым. Тоқтап, төрт адамды отырғызып, жұмыстарына тегін жеткізіп тастадым. Жұмысқа кешікпей келдім. Сосын ойландым неге бұл істі қайырымдылық шарасына айналдырмасқа деп. Көлігі бар адамдар үшін бұл қиын емес қой. Бір адамды тоңдырмай, діттеген жеріне жеткізіп алғысын аламыз. 

Акцияның алғашқы күні қала көшелеріне 73 көлік шықса, кеше темір тұлпардың саны 81-ге жеткен. Ұйымдастырушылардың айтуынша, машина көбейген сайын аялдамада жаурағандардың легі де азая түседі.  Бірегей шараны жергілікті полиция қызметі, еріктілер, жастар ұйымының мүшелері, қарапайым тұрғындар да қолдаған. Алайда, жолаушылар арасында қайырымды жандардың ниетін түсінбегендер де кездесті. 

-Чтобы не мерзли. Пойдемте! - Бесплатно? - Конечно! - Да что-то я сомневаюсь. -Почему? - Я вообще с незнакомыми не езжу!

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

«Мейірімді Павлодар!» акциясы кезінде 2 мыңға жуық адам діттеген жеріне жеткізілген. Төтенше қызметі, ауа райының тұрақталып келе жатқанын айтады. Түстен кейін сынап бағанасы -25 градусты көрсетті. Бірнеше күн -40 градус тұрғандықтан, қуанып жатырмыз. Ләйлә...

Ия, Әсемгүл. Күннің суықтығына қарамастан, тікелей байланысқа шыққан әріптестерге рахмет айтамыз.