Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

«Рухани жаңғыру» бағдарламасына меценаттар да жұмылдырылады

AstanaTV
29.01.2018ж. 20:00
3637
«Рухани жаңғыру» бағдарламасына меценаттар да жұмылдырылады

Оралда нұротандықтар жергілікті меценаттарды «Рухани жаңғыру» бағдарламасына жұмылдыруды көздеп отыр. Аймақтағы мәліметтер базасында 161 меценат тіркелген. Олар 62 жобаны іске асыруға 2 миллиард теңгедей қаржы бөлді. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының филиалында айтылды. Жомарт жандар өз ақшасына спорт орталықтары мен мәдениет үйлерін тұрғызып, әлеуметтік салаға да көңіл бөліп отыр. «Туған жер» бағдарламасы аясында кәсіпкерлер көмегімен Орал қаласының орталығынан мұражай ашу жоспарланған. Мұнда тарихи жәдігерлер мен киелі мекендер туралы мәліметтер жинақталады. Салт-дәстүрді қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып, әрбір елді мекеннің 3Д картасы жасалады. Мұның барлығы жас ұрпақты отансүйгіштікке баулуға зор ықпал етеді, - дейді нұротандықтар. Ел игілігі үшін қайырымдылық жасаған кәсіпкерлер өздерін жарнамалаудан бас тартады.

Қадырболат Мұсағалиев, БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы:

Халық, ел білуі керек. Меценаттарымызға стимул дейді ғой. Яғни ел білуі үшін, халық білуі үшін, қалғандарына осындай серпіліс болуы үшін, жарнамалап айтқан дұрыс деп ойлаймын.

Ал Солтүстікте «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының жүзеге асу барысы талқыланды. Облыстық кәсіпкерлік басқармасының мәліметіне сай, өткен жылы 200-ге тарта жоба қолдау тапса, оның 60 пайызы аудандарда жүзеге асқан. Кәсіпкерлер бұл мүмкіндікті банк берген несиені субсидиялау мен лизинг алу үшін пайдаланған. Аймақта қоян, күрке тауық, форель мен шиншилла өсіретін шаруашылықтар ашылды. Мемлекет бұл жобаларды тегін қаржыландырған. Өңірде жалпы құны 69 миллион теңгені құрайтын 29 жобаға грант бөлінген. Жиынға қатысқан партия мүшелері жаңа кәсіпорындардың тиімділігін саралады.

Еркебұлан Мамбетов, «Нұр Отан» партиясы СҚОФ саяси бюросының мүшесі:

Бизнес өкілдері жаңа жұмыс орнын ашады, бюджеттің кіріс жағын толтырады, ертеңгі жағдайын жақсартады. Сол үшін партия мүшелері, бүкіл деңгейде қалалық, облыстық мәслихат депутаттары бұл мәслелерді бақылауда ұстап отырады.