$541.34 €640.73 ₽6.53
×

"Арал теңізі салғырттықтың салдары қандай қасіретке әкелетінін еске салып тұрады", - Президент

"Арал теңізі салғырттықтың салдары қандай қасіретке әкелетінін еске салып тұрады", - Президент

Болашағымыз тіршілік нәрін қаншалықты ұтымды әрі әділ пайдалана алатынымызға байланысты. Арал теңізі салғырттықтың салдары қандай қасіретке әкеліп соғатынын көрсетті. Қарт Каспийге де қауіп төне бастады. Қателікке тағы жол бермеу үшін Халықаралық су ұйымын құру маңызды. Мемлекет басшысы Өңірлік экологиялық саммитте осындай бастама көтерді. Орталық Азия тарихындағы алғашқы отырыста климаттық сын-қатерлерге қарсы тұруға қатысты да біраз ұсыныс айтылды. Айсәуле Съезбек рет-ретімен баяндайды.

АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Орталық Азия елдерінің климаты уақыт өткен сайын өзгеруде. Әсіресе, орташа жылдық температураның көтеріліп келе жатқаны көпшілікті алаңдатады.  Соңғы 115 жыл ішінде бұл көрсеткіш Қырғызстан мен Тәжікстанда - +2-3, C, Қазақстанда - +5 C, Өзбекстанда - +12 C, Түрікменстанда - +15 °C артып отыр. Тіпті жаһандық жылынуды 1,5 °C дейін шектегеннің өзінде 2050 жылға қарай өңірдегі температура тағы 2-2,5 °C-қа өседі дейді сарапшылар. Салдарынан құрғақшылық етек жайып, ауыл шаруашылығы 10 процентке қысқарады. 2080 жылға қарай өрт қаупі 13 пайызға ұлғаюы мүмкін. Ал 2100 жылы жауын-шашын мөлшері 26%ға төмендейді.

АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Бұл - құрғақ статистика емес. Бұл - жаһандық экоапат. Қалай алдын аламыз? Болашақты құтқарудың жолы бар ма? Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған өңірлік экологиялық саммитте 15 елден келген делегаттар бірлесіп жауап іздеді.  Халықаралық талқылауға Еуропалық одақтан, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы мен Таяу Шығыс елдерінен 1500 адам қатысты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Орталық Азия мен көршілес аймақтар ұқсас экологиялық сын-қатерлерге тап келді. Атап айтқанда:  су тапшылығы мен су ресурстарын тиімсіз басқару; шөлейттену; мұздықтардың еруі; ауаның ластануы; биоалуантүрліліктің жойылу қаупі. Мен ең негізгі сын-қатерлер мен проблемалардың мәнін ашып, әдейі түстеп отырмын. Өйткені күш жұмылдыру арқылы аталған мәселелерді шешуде оң нәтижеге жетеміз. Бұған кәміл сенемін.  Жетістіктерге тоқмейілсіп отыратын заман өтті, шешім қабылдайтын уақыт келді.

АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Орталық Азия аймақтарына тән ортақ мәселе көп.  Алдыңғы орында ауаның ластануы тұр. Өңірдің ірі қалаларында, лас ауа деңгейі қыста Дүниежүзілік ДСҰ  ұсынған нормадан  6-12 есе асып түседі. Бұл халықтың денсаулығына тікелей әсер етіп отыр. Қазақстан бұл ретте 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15 пайыздан асырмақшы.  Ал  ірі энергетикалық нысандардан ауаға тарайтын зиянды шығарындыларды 35 пайызға қысқартпақ.

СҰҢҒАТ ЕСІМХАНОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Алдымыздағы экологиялық кодекске сәйкес 8 жылдың ішінде осының бәрін қалай азайту жолдарын қарастырып жатырмыз. Бірақ бұл көмір болғаннан кейін оны толық алып тастауға әлемде әлі технология жоқ. Сондықтан оны азайту мәселесі бірінші. Екіншісі жаңа саланып жатқан барлық қондырғыларды толық жаңа, таза көмір технологияларын қолдану. 8 жаңа,  11 істеп тұрған көмір станцияларын күрделі жөндеуден өткізу жоспары бар.  

Арал теңізі салғырттықтың салдары қандай қасіретке әкелетінін еске салып тұрады. Сондай-ақ, батыл ғылыми шешімнің оң нәтиже беретінін  де көрсетеді. Бүгінде Солтүстік Аралдың 36 проценті қайта қалпына келді. Дегенмен арқаны кеңге салуға негіз жоқ.

ХАНС КЛЮГЕ, ДДСҰ ЕУРОПАЛЫҚ АЙМАҚТЫҚ БЮРОСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Арал теңізі маңында аптап ыстықтың күшеюі, шаң-тозаңның көбеюі байқалады. Мұның бәрі адамдардың, әсіресе, тыныс алу жүйесіне кері әсер етуде. Арал теңізі аймағында ауа ластануы Денсаулық сақтау ұйымы белгілеген қауіпсіз деңгейден 10 есе жоғары. Мысалы, инсульт пен жүрек ауруларының әр үшінші жағдайы тікелей ауа ластануымен байланысты.  Сонымен қатар, халықтың шамамен 40%-ы қауіпсіз ауыз суға, дәретханаға және базалық санитарлық жағдайларға қол жеткізе алмай отыр. Бұл өз кезегінде балалар арасында жедел іш өту ауруларының көбеюіне айтарлықтай әсер етуде. 

АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Екінші мәселе - су ресурстарының тапшылығы. Арал және Каспий теңiздерiн сақтау мен қалпына келтiру, трансшекаралық ынтымақтастықты нығайту – бүгінгі пікірталастың басты тақырыбының бірі. БҰҰ-ның соңғы деректері бойынша Орталық Азия жерінің 20% -дан астамы тозған. Әңгіме шамамен 80 млн. гектар жер жайлы. Бұл жағдай өңір халқының шамамен 30%-інің өмір сүру сапасына әсер етіп отыр. Аталған климаттық катаклизмдерді мемлекеттер жеке дара шеше алмайды. Бүгінгі диалог алаңын ұйымдастырудағы мақсат та  сол - бірлесіп Жер- Ананы жұтылып кетуден сақтау.

ӘЛІБЕК ДЖЕКШЕНКУЛОВ, САЯСАТТАНУ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ (ҚЫРҒЫЗСТАН):

Арал мәселесі тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азияға, соның ішінде Қырғызстан үшін жүрекке бататын мәселе. Себебі Аралдан көтерілген тұзды шаң біздің мұздықтарға барып қонады. Салдарынан мұздықтар тез ериді екен. Соңғы отыз жылда біздің мұздықтардың  27–28 пайызы азайған.  Яғни, су да азаяды. Ал бұл қайта айналып Қазақстан мен Өзбекстан халықтарына да үлкен әсер етеді. Өйткені Нарын, Шу, Талас өзендері арқылы Қазақстанға су барады. Бұл жерде Тоқаев мырза дәл айтты. Бізге су мәселесін шешуде текетірес емес, бірлестік керек.

Былтыр желтоқсанда Қасым-Жомарт Тоқаев Ашхабадта  БҰҰ агенттігі қызметін атқаратын Халықаралық су ұйымын құру жөнінде ұсыныс білдірген. Астанадағы саммитте аталған ұйымды жасақтаудың алғашқы іргетасы қаланады.

БАТБАЯР МӨНХТАМИР, МОҢҒОЛИЯНЫҢ ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Қазақстан мен Моңғолия ұқсас экологиялық мәселелерге тап болып отыр. Екі ел де теңізге шыға алмайтын мемлекеттер. Және су ресурстарына қатысты ортақ қиындықтары бар. Бүгінгі саммитте Қазақстан үшін су мәселесі негізгі тақырыптардың бірі. Президент Тоқаев  Орталық Азия су комитетін құруды ұсынуда.  Моңғолия бұл бастаманы қолдайды.  Екінші ортақ мақсатымыз – көмірден кезең-кезеңімен бас тарту. Ол үшін баламалы жылу көзін жетілдіруді көздеп отырмыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев бастап, 7 елдің президенті қостап, экосаммиттің алғашқы күні бір деммен өтті. Мемлекет басшылары халықаралық жасыл және орнықты технологиялар көрмесіне де барды. 120-дан астам павильонда әлемнің 30 елінің  жаңа  технологиялары ұсынылған.

АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Саммит аясында 51 маңызды құжатқа қол қою көзделген. Оның ішінде Орталық Азия елдерінің ынтымақтастығы туралы декларация мен алдағы 4 жылға арналған өңірлік іс-қимыл бағдарламасы бар. Астанадағы бұл саммит – тек қағаз бетіндегі келісімдер емес, ертеңгі ұрпаққа таза табиғат пен қауіпсіз орта қалдырудың нақты жоспары.