Қазақстандықтардың зейнетақы жинағы азайып жатыр. Кейінгі 5 жылда зейнетақы қорынан шамамен 5 триллион теңге шешілген. Сарапшылар бұл үрдісті қалай бағалайды? Инвестициялық табыс неге төмендеді? Тілшіміз анықтап көрді.
Иә, бейнетінің зейнетін ерте көргісі келетіндер, жинақтағы қаражатын жұмсауға асығады. Бүгінде табысының 10 пайызын қорға аударған азаматтар, қаржыны түрлі мақсатқа пайдалануға мүмкіндік алған. Ал таңдау қандай?
БЛИЦ:
- Больницаға бару да ақша, үй алу да ақша. Соның бәріне пенсионныйдың бір бөлігін берген дұрыс деп ойлаймын.
- Негізі қажет кезде алу дұрыс деп ойлаймын. Бірақ өзім әлі алған жоқпын.
- Мұқтаж болады ақшаға. Кредит алғаннан гөрі сол порогтан асқан ақшаны алған жақсы деп ойлаймын.
Халықтың зейнетақы қорынан ақша алу белсенділігін сарапшылар әртүрлі бағалайды. Бірі мұны азаматтардың қаржылық қажеттіліктерін шешудің заңды жолы десе, енді бірі ұзақ мерзімде бұл үрдіс зейнетақы жүйесіне салмақ түсіруі мүмкін екенін айтады.
БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:
Жалпы зейнетақы қорына деген сенімсіздік болған кезде де болуы мүмкін. Немесе сол азаматтардың зейнетақыға қаражат құйғаннан гөрі конвертпен алу жалақы болса да ресми түрде рәсімдемей керісінше қолдан алып, қорға бөлінетін қаражаттың аз болуына әсерін тигізіп жатыр.
Расында, «бәрібір қолыма түсер қаражат қой» деп қарау дұрыс емес. Себебі бүгінгі еңбекке қабілетті адам, ертең зейнетке шығады. Ал сол кезде негізгі табыс көзі дәл осы жинақ болады.
ӘЛИЯ МОЛДАБЕКОВА, ҰЛТТЫҚ БАНК ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Біз жеткіліктілік шегін арттыруды қолдаймыз. Бұл қаржы жүйесінің тұрақтылығын күшейтіп, азаматтардың болашақта зейнетке шыққанда қорғалуын қамтамасыз етеді. Зейнетақы активтерінің басты әлеуметтік маңызы – қартайғанда лайық зейнетақымен қамту.
Зейнетақы жинақтарының азаюына бірнеше фактор әсер етіп отыр. Олар қаражатты мерзімінен бұрын шешіп алу. Инвестициялық табыстың төмендеуі және инфляция. Экономистер бұл құбылысты уақытша деп бағалағанымен, оның салдары болашақта сезілуі мүмкін екенін айтады.