6 мың теңгелік әжетхана қағазын 19 мың теңгеге алдырған. Сатып алу сарапшысы Алматыдағы мектептерге қатысты тексеріс жүргізуді сұрады. Неліктен көп қаражат жұмсалған? Айгерім Есенкелді анықтап көрді.
Сатып алу сарапшысының сөзінше, әкімдік тарапынан мектептердің тауарларды енді қымбат бағамен сатып алмайтыны уәде етілген. Алайда кейбір білім ордалары бұл әрекетті жалғастыруын тоқтатпапты. Олар мектепке қажетті заттарды нарықтағы бағасынан бірнеше есе қымбат беріп жүрген көрінеді. Негізі қажетті заттармен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 250 миллиард теңге қаржы бөлінеді. Алайда сатып алу саласының мамандары бұл қаражаттың тиімді игеріліп жатқанына күмән келтірді.
БИБЕК ЖҮНІСОВ, МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ БОЙЫНША МАМАН:
Бір мектеп бар. Обогреватель сатып алған. Оның базардағы бағасы 30 000 теңге болатын болса, олар 300 000 теңгеге сатып алған. 10 есе қымбат. А4 қағазды қымбат бағада сатып алған. Одан бөлекте біздің президентіміз әрдайым айтып жатады. Егер тауар бізде өңдірілетін болса, ол тауарды Қазақстанда алу керек. Алайда бұл мектептер ол заттарды Ресейден алған. Ол әрине заңға қарама-қайшы. Одан бөлекте ол ақша Ресейге кетеді. Біздің экономикаға жұмыс жасамайды.
Жағдайды анықтау үшін тізімдегі мектептердің біріне бардық. Басшылық орнында болмады, десе де мектеп заттары сақталған қойманы көрсетті. Мұнда заттардың әртүрлі өндірушілерден алынғаны байқалды.
ӘЙГЕРІМ ЕСЕНКЕЛДІ, ТІЛШІ:
Сатып алу сарапшысының айтуынша, мектептегі әжетхана қағазының бір қаптамасының өзін 19 мың теңгеден алдыртады. Онда 12 орам бар. Яғни мына тұрған бір данасы 2000 тг ден айналады. Оқушыларға ортақ, барлығы осыдан алып қолданады.
Дәл сол тауарлар басқа интернет дүкенінен 3 есе арзан бағада табылды. Ал мектептердің қарапайым ғана қажеттіліктің неге қымбат нұсқаларын таңдағандары беймәлім. Қазір бұл жағдайдға қатысты қалалық білім басқармасы тексеру жүргізіп жатыр.
АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ:
№120 және №48 мектептеріне қатысты өтініштер бойынша мемлекеттік сатып алу порталында көрсетілген лоттардың техникалық сипаттамалары мен баға ұсыныстарына жан-жақты талдау жүргізілуде.Білім беру ұйымдарының басшыларына орташа нарықтық бағаларды негізсіз көтергені үшін жеке жауапкершілік жүктелетіні туралы ескертілді. Бюджетті тиімсіз жоспарлау фактілері расталған жағдайда, жауапты тұлғаларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қолданылатын болады.
Талап бойынша тендерлердің 50 пайызы интернет дүкен арқылы, 50 пайызы мемлекеттік сайт арқылы өтуі тиіс дейді сарапшы. Алайда бұл тек санына қатысты, сомасына шектеу жоқ. Соның әсерінен жалпы қаражаттың көп бөлігі интернет дүкен арқылы жұмсалып жатыр.