$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Оралда ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өткізілді

23.04.2026ж. 19:00
Оралда ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өткізілді

Мемлекет басшысы ауылдың жағдайы еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе екенін айтып, бұл жұмыстың негізгі бағыттарын айқындаған еді. Яғни, ауыл мықты болса, елдің берекесі артады. Ал мұны іске асырар басшыларға қойылар талап та, жүктелер міндет те ерекше. Орал өңіріндегі оңды өзгерістер ауыл әкімдерінің алғашқы форумында кеңінен қамтылды.

Ақжайық ауданындағы Қарауылтөбе ауылдық округінің соңғы төрт жылдағы салық түсімі 1 миллиардқа жуықтапты. Аудан бюджетіне ортақтасудан тартынған ауыл әкімі бес ірі компанияны өз аулына тіркеген. Осылайша қазынаға түсер түсім еселеп артыпты.

ЖӘНІБЕК ӘБІРОВ, ҚАРАУЫЛТӨБЕ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Теңізде, Қарашығанақта ет, құс, балықпен қамтамасыз ететін компаниялардың салығын пайдаланамыз. Ауданның салық базасын көбейтеді, жоспарын орындайды. Қазір бес компания бар, тағы енді үш компанияны тіркеуге келіссөздер жүргізіліп отыр. 263 миллион салық түсірдік 2025-те.

Облыста үш жылдың ішінде бой көтерген 30 жаңа мектептің 22-сі ауылда салынған. Осылайша апатты күйдегі, үш ауысымды білім ордаларының мәселесі оңымен шешілді. Енді ауыл балалары да қаладағы замандастары секілді жаңа, жайлы ғимаратта оқиды.

НАРИМАН ТӨРЕҒАЛИЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

Менің тікелей бастамаммен іске қосылған «Қаладан – ауылға» өңірлік жобасы аз уақытта өз тиімділігін көрсетті. Бағдарлама басталғаннан бері жаңа айтып кеттім ғой, мыңның үстінде адамдарды біз ауылдарға көшіріп алып бардық. Қараңыздар, 1000 адам деген бір үлкен ауыл деген сөз. Біздің кәсіпкерлерімізге тағы да рақмет айтамын. Ауылға көшіп келген азаматтарымызға қолдау білдіріп, алдына мал салып беріп жатыр. Қалған мемлекеттік қолдауды біз жасап жатырмыз.

Облыстағы ауылдық округ басшыларының көбі бұрын мемлекеттік қызметте болмаған. Сондықтан олардың біліктілігін арттыруды көздеген "AMANAT" партиясы «Әкімдер мектебі» жобасымен 159 әкімді оқытты. Олар халық табысын арттыру, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту секілді қажетті ақпараттарға қанығып, практикалық дайындығын пысықтады.