Алматы облысында 4 баланың анасы 5 жыл бойы күйеуінен зәбір көрген. Күнде ащы суға тойған ер адам әйеліне қол көтеріп, балаларының мазасын алған. Шыдамы таусылған ол «Ана мен бала қолдау орталығына» барған.
Соңғы 5 жылда ерлі-зайыптылардың арасында жиі дау болған. Ер адам күн сайын ішімдік ішіп, мас күйінде әйелін ұрып-соққан. Алайда 4 баласының толық отбасында өсуі үшін үндемей келгенін айтады. Бірақ сабап қана қоймай қолы сынғанда шыдамы таусылып, балаларымен бірге «Ана мен бала» орталығына барған.
Жәбірленушінің сөзінше, балалар әкесін көргісі келмейтін хәлге жеткен. Сондықтан орталық мамандары ана мен балаға психологиялық жұмыстар жүргізуде. Заңгерлер ажырасу туралы өтініш рәсімдеп, алимент өндіру құжаттарын реттеуге көмектесуде.
РАУШАН АЛПЫСБАЕВА, «ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ҚҰРБАНДАРЫНА ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫ» КММ ДИРЕКТОРЫ:
Сол отбасын аламыз да өзімізде қарастырылған 8 бағыттағы көмектің кез-келгенін олар ала-алады. Біздің орталықта 1 күннен 6 айға дейін тұра алады.
Орталық қызметкерлері облыстық полициямен тығыз жұмыс істейді. Полиция жағдайды біле сала ер адамды 15 күндік қамаққа алған. Полиция мұндай тұрмыстық жанжалдардың неге көбейгенін түсіндірді.
РАХИМ ТАЛАКУЛОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ПД ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұл мәселелерге дұрыс көзқарас заңнамадағы өзгерістермен де байланысты. Бірақ бұл негізгі себеп емес. Себептер көп: әйелдердің білім деңгейінің артуы, ақпараттандырылуы, жарнамалық жұмыстар, орталықтар мен мемлекеттік органдардың халыққа, әсіресе әйелдерге түсіндіру жұмыстарын жүргізуі.
Бүгінде мыңнан астам әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына болып әлеуметтік көмек алуда. Соның ішінде 700 бала бар. Айта кетейік, Алматы облысының әр ауданында бір-бірден дағдарыс орталығы бар. Бүгін олардың бірінде шұғыл әрекет етуге арналған жаңа жүйелерді енгізу бойынша семинар өтті.