$541.34 €640.73 ₽6.53
×

БҚО-дағы мемлекеттік қызметшілердің үштен бірін жастар құрайды

24.04.2026ж. 19:00
БҚО-дағы мемлекеттік қызметшілердің үштен бірін жастар құрайды

Батыс Қазақстан облысындағы мемлекеттік қызметшілердің елеулі бөлігін жастар құрайды. Олардың белсенді болуына осы саладағы ашықтық әсер етіпті. Баспанамен қамтылып, тұрмысы түзелген жастардың кәсіби өсуіне жағдай жасалған. Дегенмен оларды толғандырған жәйттер де бар. Өңірге жұмыс сапарымен келген Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаймен кездесуде осы мәселелер кеңінен талқыға түсті.

Еркебұлан Сисенов - Шыңғырлау ауданы әкімдігінің бөлім басшысы. Өңірлік кадрлық резервке алынуы оның кәсіби тұрғыдан өсуіне жол ашыпты. Осылайша жас маман өмірін мемлекеттік қызметпен байланыстырған.

ЕРКЕБҰЛАН СИСЕНОВ, ШЫҢҒЫРЛАУ АУДАНДЫҚ ЕҢБЕКПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Жасыратыны жоқ бұрын бізде бәрі айтатын еді мемлекеттік қызметке тұру үшін таныс керек деп. Таныс керек емес, қазір нақты білім керек. Қазір осындай жастарды қолдайтын жобалардың болғаны біз үшін серпіліс, мотивация береді.

Облыстағы 2 мыңнан астам мемлекеттік қызметшінің үштен бірі - жас мамандар. Себебі бұл салаға елге жанашыр һәм креативті азаматтар керек. Оларды тұрақтандырудың тағы бір маңызды бағыты - үймен қамту. Өңірдегі «Жайық жастары» тұрғын үй бағдарламасының арқасында жүздеген отбасы баспаналы болды.

ДАРХАН ЖАЗЫҚБАЙ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

457 президенттік жастар кадрлық резервінің 78 пайызы қазір әртүрлі салада басқарушы лауазымдарда қызмет атқаруда. Өңірлік жастар кадрлық резервін құрдық әр әкімдіктің жанынан. Олардың да қазіргі кезде 500-ден астам біздің резервшілеріміз әртүрлі салада қызметтерін атқарып, өздерінің өңірлерінде тәжірибелері мен білімдерімен бөлісіп жатыр.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай жастардың сұрағына жауап беріп, саладағы өзгерістерді баяндады. Кездесуден кейін "Ұшайық" дрон орталығындағы жас өнертапқыштардың жұмысымен танысты.