Аутизмі бар балалармен жұмыс істеуде енді жасанды интеллект қолданылады. Мамандардың сөзінше, ол ерте анықтауға және диагноз қоюда пайдасын тигізбек. Алматыда осы бастамаға арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шараға әлемнің түкпір-түкпірінен келген 350-ден астам сарапшы қатысты.
Аутизм спектрінің бұзылысы бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі дейді әлемнің жетекші педиаторлары. Көп жағдайда бұл диагноз бала 2-3 жасқа толғанда ғана анықталады. Ал ресейлік дәрігерлер оны бала дүниеге келгенге дейін анықтауға болады деп есептейді. Ол үшін жасанды интеллект технологияларын қолдануда.
АҚБОТА КӘРІМХАНОВА, ҚАЗАҚСТАН-РЕСЕЙ МЕДИЦИНАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПЕДИАТРИЯ КАФЕДРАСЫНЫҢ ДОЦЕНТІ:
Мысалы, диагноз қоюға және де жас мамандарға қандай алдын-ала жаңағы жоспарларға байланысты зерттеулер жүргізуге қалай жоспарлауға болады... Енді ол жоспарланғаннан кейін адамзат жаңағы осы зерттеулерді өткеннен кейін әрі қарай жасанды интеллектті пайдалануға болады. Алдын-ала диагноз қою үшін, дәрігер дұрыс бағытта жүруіне өте пайдалы.
Конференцияда аутизмнен бөлек, инфекциялық аурулардың алдын алу, балалардың дұрыс тамақтануы мен семіздік мәселелері де талқыланды.
КОЛЛИН КРАФТ, АҚШ ПЕДИАТРЫ:
Біз тәжірибе алмасамыз, өйткені бір-бірімізге айтарымыз да, үйренеріміз де бар. Біз аутизм спектрінің бұзылысы туралы баяндама дайындадық, сондай-ақ семіздік мәселесін де талқылаймыз. Дұрыс тамақтану - көп ауру мен бұзылыстардың алдын алудың маңызды жолы.
Айта кетейік, шара Қазақстан, АҚШ, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Қытай және басқа да елдерден келген 350-ден астам қатысушыны біріктірді. Сондай-ақ конференция онлайн форматта да көрсетіліп, оған 1500-ден астам адам қосылды.