$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Жамбыл облысында «Biseitov Cup» республикалық турнирі өтіп жатыр

AstanaTV
27.04.2026ж. 19:00
Жамбыл облысында «Biseitov Cup» республикалық турнирі өтіп жатыр

Жамбыл облысында Мұрат Бисеитов Қойайдарұлын еске алуға арналған «Biseitov Cup» республикалық турнирі өтіп жатыр. Жасөспірімдер арасындағы жарысқа еліміздің барлық өңірінен бөлек көрші ел Қырғызстанның да спортшылары қатысуда. Іс-шараға «АМАNАТ» партиясы қолдау білдірді. 

Шу қаласында шымылдығын ашқан жасөспірімдер арасындағы турнирді халықаралық деуге келеді. Себебі, ауқымды іс-шараға 300 -ден аса жас спортшы қатысып, өзара бақ сынауда. Еліміздің барлық аймақтарынан келген спортшылар  және қырғызстандық  қырыққа жуық жас өрен  үлкен футбол, шахмат және үстел тенисінен сайысқа түсіп жатыр.

ЖАНСАЯ СҰЛТАНХАН, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:

Бүгінгі жарыс маған қатты ұнады. Өйткені ол өзіңнің бағыңды сынау керексің, оған қорқақтайтын амалың жоқ. 8 қарсылас шықты, ең бірінші сапернигім ол менен үлкен болды. Мен бірақ одан қорықпадым. Болашақ арманым осы теністі соңына дейін бітіріп, үлкен жетістіктерге жеткім келеді және бірінші орын алғым келеді.

Бұл турнир 2018 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. 8 жылда 9 рет өткен. Жылдан жылға ауқымы кеңейе түсуде.  Осы уақытқа дейін  5 мыңнан аса адам қатысты дейді ұйымдастырушылар. Осылайша турнир арқылы таланттарды танып, спортшылардың шапшаңдығын шыңдап, жастар арасында спорт түрлерін дамыту көзделген. 

МАҚСАТ ДЖАТАБАЕВ, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:

Турнирдің жалпы мақсаты- жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау. Ал менің жеке мақсатым -халықарлық жарысты туған жерімде өткізіп, Шу қаласын елге таныту. Өйткені мұнда менің балалық шағым өтті. Бұл жер- менің шағын отаным.

Мұрат Қойайдарұлы 1959 жылы Шу қаласында дүниеге келген. Ол жан-жақты спортшы ретінде танымал. «Шу» командасының құрамында теміржолшылар арасындағы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанды. Туған қаласы мен облысында спортты насихаттауға зор үлес қосқан. Турнир бірнеше күннен кейін мәреге жетеді.  Жарыс жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табыс етіліп, үздік үштікке кіргендер диплом және медальдармен марапатталады.