$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Алматы ұлттық киім үлгілерінің жаңа топтамасы таныстырылды

AstanaTV
27.04.2026ж. 19:00
Алматы ұлттық киім үлгілерінің жаңа топтамасы таныстырылды

Алматыда Ұлттық киім үлгілерінің жаңа үлгілері көрсетілді. Дәстүр мен заманауи стиль үндескен «Dala Ruhy» атты топтама көпшіліктің назарына ұсынылып, ресми түрде таныстырылды. Бастаманы Darideiya мен бас серіктес JUZ40 EdTech компаниясының өкілдері бірігіп іске асырған. Жаңаша стильде дизайнерлер дала еркіндігін қазіргі тілмен өрнектеп, құрақ құрау әдісі арқылы қазақ рухының көркем келбетін көрсетті. Толығырақ әріптесім Ғазиза Әмірбек айтсын. 

Қазақы комзол, оюмен безендірілген көйлек пен шапандар. Көрсетілген туындылар тек мерекеде емес, күнделікті киіп жүруге арнайы тігілген. Назарға ұсынылған жаңа топтама көпшіліктің қошеметіне ие болды.

ЖҰЛДЫЗАЙ МҰСАЕВА, JUZ40 БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:

Бұл жерде ерекшелігі JUZ40 және Darideiya бірге колабарация жасап жатыр. Яғни JUZ40-тың мерчімен бірге тағы да киімдер қосып, сондай бір жаңа коллекция шығардық. Оны жай модельдер емес өзіміздің компанияда жұмыс жасайтын қызметкерлеріміз ортаға шығып, көрсететін болады. 

Бұл айтулы шара - Darideiya бренді үшін де маңызды сәт. Себебі олар туындысын алғаш рет дәл осылай подиумға шығарып отыр. Көрсетілімге 60-қа жуық бала мен 40-тан астам модель бой көрсетті. Арасында елге танымал өнер иелері мен блогерлер де бар. Дүйім елге жалпы 70 түрлі киім үлгісі көрсетілген.

ДАРИЯ ҚУАТЖАН, DARIDEIYA НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:

JUZ40 - менің ең сүйікті бір үлгі алатын компанияларымның бірі. Және де показ жасайтын кезде бірден сол кісілер есіме түсті. Білім саласы болғанымен, ол кісілер білім арқылы тәрбиелесе, біз киім арқылы ұрпақты тәрбиелейміз, мәдениетті дәріптейміз. Сондықтан да біздің құндылығымыз сай келді. Және де осы бір колабарация шықты.

Қазақстанның кең даласынан шабыт алған топтаманың негізгі өзегі дәстүрлі құрақ құрау әдісі болды. Бұл жай сәндік элемент емес, ұлт тарихы мен шеберлігінің көрінісі дейді шара ұйымдастырушылары. Dala Ruhy - дала еркіндігін заманауи тілде жеткізген, қазақ рухының көркем бейнесі.