Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Алматыда бүтін бір ғимарат күзден бері жылусыз

AstanaTV
31.01.2018ж. 20:00
3165
Алматыда бүтін бір ғимарат күзден бері жылусыз

Алматыда бірнеше жеке кәсіпкер күзден бері жылусыз отырмыз деп дабыл қақты. Олар жайғасқан шахардағы екі қабатты ғимаратқа жылу беретін құбырда бірнеше ай бұрын ақау шыққан. Содан бері талай табалдырықты тоздырғанымызбен, нәтиже жоқ, - деп ашынады кәсіп иелері. Қыстың қақаған суығында өлместің күнін кешіп бүрсеңдеп отырған алматылықтармен Олжас Нұржақып тілдесіп қайтты. 

10 жылдай бұрын нысанның шағын бөлігін сатып алған Бағдат Жекешев содан бері жеке кәсібін дөңгелетіп келеді. Жылудан тап биылғыдай қиындық көрген кезім болмапты деп қынжылады ол. Қара күзде құбырдан ақау шыққан. Ғимараттағы өзге мекемелерге «біріге жөндейік» деп ұсыныс айтқанымен, оған селт еткен ешкім болмапты.

Бағдат Жекешов, жеке кәсіпкер:

Екінші қабаттан бастап бірінші қабат, подвалға шейін бәрін су басады енді. Әлі ешкім, ешқандай шара қолданып жатқан жоқ. Енді өрт болуы мүмкін. Өйткені елдер, жылу болмағандықтан, қазір токтің бәрін қосады да, өрт шығады.

Ғимараттың 10 пайызы кәсіпкерлерге тиесілі. Қалған 90 пайызы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің еншісінде. Олар ескі ғимаратты медициналық қызметке ақы төлеу департаменті мен қылмыстық атқару жүйесі мекемесінің қарамағына берген. Кәсіпкерлер назынан кейін екінші қабатқа біз де көтерілдік. Басшы орнында болмады. Тек сырт киіммен жүрген санаулы адамдарды жолықтырдық.

Ләззат Болатқызы, Алматы қаласы медициналық қызметке ақы төлеу департаментінің қызметкері:

Суықта отырмыз міне, қосылғалы бері. Ноябрьден бері ғой, содан бері отопление жоқ. Хабардар. Бәрін біледі. Министрлікте біледі. Зданиеміз территориальный комитетке қарайды. Ол кісілер де біледі. Бәріне айтқанбыз. Суықтан бәрі жарылып жатыр. Біз ештеңе істей алмадық. Отопление вообще қосылған жоқ. - Теплосетьке хат жазбадыңыздар ма? - Жоқ, здание біздің баланста емес. Руководство жоқ қазір.

Ал, бірінші қабат бос тұр. Мұндағылар жазда көшіп кеткен көрінеді. Қабырғасы қирап, электр сымдары қалай болса солай шашылған кеңселердің іші мүлде жарамсыз күйде. Ғимарат иесі мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшылары бізге сұхбат беруден бас тартты. Жауапты жазбаша ұсынды. Олар жолдаған хатта "Азаматтық кодекстің 128 бабында меншік иесінің шешімі бойынша өзгеше белгіленбесе, меншік құқығы немесе мүлікті жедел басқару құқығы бұрын құрылған мемлекеттік заңды тұлғаға бекітіледі. Ғимараттың жөндеу жұмыстары оны пайдаланушылардың жауапкершілігі болып табылады" делінген. Ал шахарды жылумен қамтып отырған «Алматы жылу жүйесі» өкілдері, біздің тарапымыздан кедергі жоқ, дейді.

Наталья Инкина, «Алматы жылу жүйесі» ЖШС баспасөз хатшысы:

Жарылған құбырды жөнге келтіріңіздер, содан кейін жылу қосылады деп ескерттік. Бірақ, осы уақытқа дейін еш әрекет болған жоқ. Біз кез-келген уақытта жылу беруге дайынбыз. Жылу жүйесі ғимарат иесінің балансында, сондықтан барлық жөндеу жұмыстары нысанға иелік ететін тараптан жасалуы тиіс деп ойлаймыз.

Қысқасы, "жарылған құбыр мен істен шыққан жылу жүйесін жөндеу кімнің міндетіне жатады?"  деген сұрақтың жауабы әлі басы ашық күйінде қалып тұр. 

Олжас Нұржақып, тілші:

Қара күзден бері онсыз да жылусыз азынаған ғимараттың батарейлеріне су қатқан. Кешегі қақаған аязға шыдас бермеген ішкі құбырлар шетінен жарылып жатыр. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, бір-ақ түнде жылу жүйелері бұрынғыдан да мүшкіл халге түсті. Осыған дейін сырттағы құбырды жөндеуге шамамен 1 миллион теңге қаражат кетеді деп есептелген. Бірақ ендігі жерде бұл шығынның еселеп өсетіні айдан анық.

Олжас НҰРЖАҚЫП