Қызылордалық Бауыржан Уайтов баласына араша сұрайды. Айтуынша, ұлы 20 жастағы Нұрасыл Тұрсынбай Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» бабы бойынша айыпталған. Топтық төбелеске қатысы бар деген күдікпен қамауға алыныпты. Жігіт 7 айдан аса қамауда отырған. Алайда, сот барысында оның кінәсіздігі дәлелденіп, толық ақталған. №2 қалалық сот судьясы оны сот залынан босату туралы үкім шығарған.
ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ №2 СОТЫ:
Сотталушы Нұрасыл Бауыржанұлы Тұрсынбай ҚР ҚК-нің 293-бабы, 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға қатысуы дәлелденбеуіне байланысты құқық бұзушылықты жасауда кінәсіз деп танылып, тағылған айыптан ақталсын. Ақталған Нұрасыл Бауыржанұлы Тұрсынбайға қолданылған «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасының күші жойылып, сот залынан дереу босатылсын.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Іс құқық қорғау орындарының шағымы негізінде енді апелляциялық сатыда қайта қаралмақ. Алайда, Нұрасылдың әкесі бұл жерде бір кінарат бар деп есептейді. Баламның арманы мен мақсаттарын, жастық өмірін құртты деп отыр.
БАУЫРЖАН УАЙТОВ, Н.ТҰСЫНБАЙДЫҢ ӘКЕСІ:
Полиция қызметкерлері мен тергеу қызметкерлері әлі де қоймай жатыр. Ізіне түсіп алып, өтірік ақпараттар тауып алып, құпия куә шығыпты, бұрын соңды ұсынбаған документтер бар, материалдар бар ғой. Ұмытып қалыпты, байқамай қалыпты деген әңгімелер айтып жатыр да. Баламды тыныштыққа қалдырсын. Баламның құқығын қорғасын. Мен соны ғана талап етемін. Үкімет, сот өзі толық ақтап шығарды.