Алматы облысындағы Күрті су қоймасында ауқымды сенбілік өтті. Оған ауыл тұрғындары, жастар, еңбек ұжымдары мен еріктілер қатысты.
800-ге тарта адам көздің жауын алатын Күртінің айналасынан 5 тоннаға жуық қоқыс жинады.
Үш күндік демалыста өңірдегі туристік нысандардың тазалығына ерекше ден қойылған. "Тазалық күні" акциясы "Таза Қазақстан" экологиялық бағдарламасы аясында жалғасып жатыр. Күрті су қоймасы аты аңызға айналған "Қыз Жібек" көркем фильмі арқылы халыққа кең танылған мекен. Тарихи аймақ қазір қайта жанданып, туристер жиі келетін демалыс орнына айналған. Бұл жерге күніне 1500-2000-ға жуық саяхатшы келеді. Сондықтан тұмса табиғаттың тазалығы басты назарда. Бүгінгі сенбілікке облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те атсалысып, экологиялық мәдениетті сақтаудың маңызына тоқталды.
"Алматы облысында қызықтап-көретін табиғаты ерекше нысандар көп. Өзен-көл, тау-қыратымен қоса жазық даласы да жанға жайлылық сыйлайды. Ал Іле ауданына келген қонақ дархан даланың кереметіне куә болады. Қазіргі таңда Күрті су қоймасы үлкен танымалдыққа ие болып, туристердің сүйікті мекеніне айналған. Сондықтан аумақтың таза әрі жайлы болуы маңызды", – деді өңір басшысы.