Алматыда студент университеттің жоғарғы қабатынан құлап, қаза тапты. 20 жастағы жігіт мемлекеттік грантпен оқыған. Оқу үлгерімі жақсы болды дейді оқу орнының басшылығы. Қазір оқиғаға қатысты полиция тергеуді бастады.
ҒАЗИЗА ӘМІРБЕК, ТІЛШІ:
8 қабаттан құлаған 1 курс студенті дәл осында тұрған көліктің үстіне түскен. Сол сәтте қатты дыбыс айналаға естіліп, өзге студенттер мен күзет қызметкерлері бірден жетіпті. Бірақ жігіт сол жерде тіл тартпай кеткен.
Қайғылы жағдай мамырдың 6-сы таңғы сағат тоғыздар шамасында болған. Университет қызметкерінің айтуынша, жас жігіт емтиханға кірмей, сабақ өтетін корпуста жүріпті. Ол үстелдің үстіне ұялы телефоны мен басқа заттарын қалдырып кеткен көрінеді. Артынша ашық тұрған терезеден секіріп кеткен дейді. Мұғалімі студентпен соңғы рет таңертең хабарласып, кешігіп жатқанын ескерткен екен.
МАҚСАТ ЖАҚАУОВ, УНИВЕРСИТЕТ ПРОРЕКТОРЫ:
Мұғалімдермен де, кафедрасымен де ешқандай кері байланыс, теріс қылықты байланыстар болмаған. Бала біріншіден философия мамандығы бойынша орыс бөлімінде грантта оқиды. Бала қысқы сессиясын да жақсы тапсырған, ешқандай жаздық қайталауға түскен жоқ.
Оқиға орнына полиция мен жедел жәрдем шақырылған. Бүгінде құзырлы орган марқұмның ұялы телефонындағы жазбаларға тексеріс жасап, оқиғаның себеп-салдарын анықтауда. Әзірге нақты мәлімет жоқ.
САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Аталмыш дерек бойынша Медеу аудандық полиция басқармасымен қылмыстық іс қозғалды. Себеп-салдары және толық мән-жайы анықталуда.
Студент көз жұмған университеттің басшылығы оқу орны тарапынан марқұмның отбасына көмек көрсетілетінін хабарлады.