Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында бұршақ жауып, тұрғындарды әбігерге салды.
Табиғаттың тосын мінезі әсіресе Шеңбертал ауылы тұрғындарына ауыр тиген. Куәгерлердің айтуынша, кешкі сағат алтылар шамасында басталған бұршақтың көлемі жұмыртқадай. Аспаннан оқша жауған мұз түйіршіктері үйлердің шатырын, қора-қопсының қаңылтырларын тесіп өткен көрінеді. Көліктер мен шаруашылық нысандарына зақым келген. Ауыл тұрғындары мұндайды бұрын-соңды көрмегенін айтады.