$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Жаңа Конституция күшіне енген соң Үкімет отставкаға кетеді

Жаңа Конституция күшіне енген соң Үкімет отставкаға кетеді

Жаңа Конституция күшіне енген соң Үкімет отставкаға кетеді. Қазақстанның саяси жүйесі түбегейлі өзгеріс алдында тұр.  Ел билігінде енді Вице-президент лауазымы пайда болады. Ал Президенттің өкілеттігіне қатысты қатаң шектеулер заңмен шегенделмек. Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Президент» пен «Құрылтай» және «Сайлау» туралы жаңа заң жобалары  таныстырылды.  

Заң жобасындағы ең үлкен реформа – Вице-президент институтының енгізілуі. Бұл лауазым иесі «кездейсоқ» адам болмайды. Оны Президент халық сайлаған депутаттардың, яғни Құрылтайдың келісімімен ғана тағайындайды. Бұл мемлекеттік биліктің үздіксіздігі мен тұрақтылығы үшін қажет. Яғни, Президент өз міндетін атқара алмайтын жағдай туса немесе билік ауысу кезеңінде мемлекеттік аппарат тоқтап қалмауы тиіс. Вице-президент – осы тұрақтылықтың кепілі.

ЕРЛАН СӘРСЕМБАЕВ, ҚР ӘДІЛЕТ МИНИСТРІ:

Бұл ретте кандидатқа қойылатын біліктілік талаптары нақты айқындалған. Сонымен бірге оның өкілеттігін тоқтату негіздері, жоғары лауазымды тұлға мәртебесіне ұқсас шектеулер қарастырылады. Вице-Президенттің негізгі функциясы – Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде Президент атынан өкілдік ету.

Құрылтай Парламенттің заңды мирасқоры болғандықтан, депутаттар бұрынғы Мәжіліс пен Сенат иеленген барлық негізгі құзыреттерді сақтайды. Заңды 2 рет емес енді 3 оқылымда талқылайды.  Құрылтайшылардың  этикалық нормалары күшейеді. Жаға жыртысып, келемеждеп сөйлеп, әріптесінің сөзін бөлген депутаттарға шара қолданылады. Парламент төрінде туған күнмен құттықтап, жарнама жасауға да тыйым салынады.  Қателігін қайталағандар мандатынан айырылуы әбден мүмкін.

АЙДОС САРЫМ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Қазір мәжіліс депутаттарында қандай құқықтар бар соның бәрі сақталып отыр. Құрылтай деген аты өзгереді. Бірақ ішіндегі комитеттердің жұмысына қатысты, депутаттық топтарды құру басқа мәселелер күшейтіліп жатыр. Жауапкершілік бір жерде болатын болады.

Бұрын әкім сайлауында үміткерлер тең түссе, мәселені шешудің нақты тетігі болмаған.  Енді мұндай жағдайда бір ай ішінде қайта дауыс беру өткізіледі. Бұл билікке халықтың нақты қолдауына ие болған адамның келуін қамтамасыз етеді. Саяси амбициясы шектен асқандар үшін шектеу қойылды. Бір адам бір мезгілде әрі мәслихат депутаты, әрі әкім болуға үміткер атана алмайды.  Сондай-ақ, бірнеше ауданда бір уақытта әкімдікке түсуге де рұқсат жоқ.

СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Кандидаттарды қолдау үшін қол жинау тәртібі нақтыланды. Әкім болуға ұсынған кандидатқа қол жинау сайлау округіндегі елді мекендер санының жартысының өкілдерін және сайлаушылардың жалпы санының 1%-н қамтуы тиіс. Сайлау комиссияларының мүшелеріне қойылатын талап күшейтіледі.  Сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін, сондай-ақ ауыр немесе аса ауыр қылмыстар үшін сотталған азаматтар сайлау комиссияларының құрамына кіре алмайды.

Қысқасы, бұл реформалар билік тармақтарының арасындағы теңгерімді сақтап, жауапкершілікті күшейтуді көздейді. Вице-президент институты мемлекеттік басқарудың тұрақтылығын нығайтса, Құрылтай мен сайлау жүйесіндегі өзгерістер саяси бәсекелестікті жаңа деңгейге көтермек.