Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

«Кремль есебі» туралы бірер сөз. Сауд Арабиясы елшісімен сұхбат.

AstanaTV
03.02.2018ж. 20:00
1501
«Кремль есебі» туралы бірер сөз. Сауд Арабиясы елшісімен сұхбат.
   

Ресейдің үкімет басшысы Д.Медведевтен бастап саяси салмағы жоқ шенеунікке дейін, сонымен бірге ресейлік миллиардерлер, барлығы 210 адам енген Америка Құрама Штаттарының «Кремль есебі» туралы бірер сөз. Бұл тізімнің формальды екенін айтып жатқандар бар. Бірақ аналитиктер бір қарағанда солай көрінгенімен, «жәй, қызыл сөз» үшін еместігін жазады. Оны Трамп президент болғалы АҚШ-та белең алған саяси элитаның бір-бірімен айқасымен байланыстыратындар бар. Ресейдің Republic басылымы АҚШ қаржы министрі Стивен Мнучин тізімдегі адамдарға алдағы айларда нақты санкциялар қолданылатынын растады деп, жазды. Тізімдігілер мен «урашылдар» бұл есепті күлкіге айналдырып жатқанымен, есептегі негізгі месседж – Кремльдің ішкі және сыртқы саясаты бойынша кез-келген шешімге жоғары билік пен миллиардерлердің барлығы жауапты. Тіпті ол саясатты онша жақтырмай, «қашыңқырап» жүретіні болса да, қарамайды. Бұл, деп жазады, аталған басылым, Путинге жақын болудың ғана улы екенін көрсетпейді, бүкіл жүйенің улы екенін дәлелдейді. Қазір өзекті емес сияқты, себебі билік мығым отыр. Бірақ сырт көзге байқалмаса да, бір күні жүйенің «қамыры аши» бастайды. Біреу жоғары қызметтен бас тартады, біреу саяси мәні бар жобаларды қолдаудан қашады, енді бірі активтерін сыртқа шығарады, тағы бірі «жер бауырлап» қалады...

АҚШ-ң мемлекетіміздегі елшісі Джордж Крол, жұмада журналистермен жүздескен, «Ресейге қарсы санкциялардың Қазақстанға қатысы жоқ. Бұл саясаттың бағыты мен қарқыны Ресейге қарсы, Қазақстанға емес. Қазақстанның экономикасына ықпал етуіне келсек, белгілі-бір алаңдаушылық бар, сондықтан біз қазақстандық әріптестерімізбен қоян-қолтық жұмыс істеуге келістік», - деді елші. АҚШ –тың санкциялардың Қазақстанға, қазақстандық бизнеске, сондай-ақ, Қазақстандағы америкалық бизнеске теріс ықпал етпеуі керек, деген ниеті бар, деп қосқан.

«Астана» арнасының тілшілері  Сауд Арабиясының елшісі Дахир Мутиш Дж. Аленаземен арнайы сұхбаттасқан. Алдымен Сирияға байланысты Астанада өткен 8 раундтың қорытындыларын қалай бағалайтынын сұрады. 

Дахир Мутиш Дж. Аленазе, Сауд Арабиясының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:  

Қайырлы күн! Алдымен біздің елшілікке келіп, осындай кездесу өткізіп отырғаныңызға рақмет айтамын. Ал сауалыңызға келсек, Қазақстан өкіметі Сирия дағдарысын реттеуге көптен бері атсалысып жүр. Өкінішке қарай, текетірескен тараптардың кейбір мәселе бойынша келіспей отырған жайы бар. Сондықтан бұл мәселе шешілмей, созылып келеді. Келіссөздер процесі білесіздер, Женевада басталған. Сосын Ыстамбұлда бірнеше кездесу өтті. Тегеранда да. Қазір Астанадан Сочиге өтіп жатыр. Қазақстан тарабы ұмтылып отырғандай, біз де бұл мәселенің бейбіт жолмен шешілгенін қалаймыз.  

Біздің тілшілеріміз еліміздің ОПЕК+ келісімі аясындағы міндеттемелерін ондаған мың баррельге асырыңқырап орындап отырғанын, бұған Сауд Арабиясының қалай қарайтынын сұрады.

Дахир Мутиш Дж. Аленазе, Сауд Арабиясының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:  

Шын мәнінде біздің мемлекеттер бұл салада тығыз ынтымақтастық орнатқан. Мысалы, Сауд Арабиясының энергетика министрі Қазақстанға 3 рет келіп кетті. Президентпен кездесті. Сіздердің министр де бізге барды. Біздің министрлер халықаралық шаралар аясында да жиі кездеседі. Сондықтан бұл сауал бойынша өзара түсіністік бар деп айтуға болады. Сіз екі киелі мекеннің сақтаушысы король Салма́н ибн Абду́л-Ази́здің Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мырзамен жақында телефонмен сөйлескенін білетін шығарсыз. Сонда олар энергетика саласы бойынша да ынтымақтастық мәселесіне тоқталды.

Тілшіміз елші мырзадан -Қазақстанның мұнайды мөлшерден артық өндіруіне Сауд Арабиясы қарсы емес ғой,- деп, нақтылаған.

Дахир Мутиш Дж. Аленазе, Сауд Арабиясының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:  

Бұл мәселе бойынша біздің еліміз ешқандай кінәрат қоймайды. Себебі Қазақстан өзінің экономикасына сай, өзінің сұранысына қарай өндіреді.Сондықтан Қазақстан мен Сауд Арабиясы және біздің ресейлік әріптестер бұл мәселелер бойынша тығыз жұмыс істейді, түсіністік бар. Біздің еліміз Қазақстанның әр қадамын сыйлайды. Қазақстандағы ахуалға түсіністікпен қарайды. Сонымен бірге Сауд Арабиясы әлемдік мұнай нарығын қадағалап отырады.

Елшіден мұнай бағасына байланысты болжам сұралды. Баға өсе бере ме? Жоқ әлде, әлемдік мұнай нарығы қайта құлай ма?  

Дахир Мутиш Дж. Аленазе, Сауд Арабиясының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:  

Мұнай бағасына келсек, ол бірнеше факторға тәуелді. Біріншісі – Парсы шығанағындағы тұрақтылық. Білесіз, онда Сауд Арабиясы, Араб әмірліктері, Кувейт, Катар, Иран сияқты елдер көрші. Осы мемлекеттердің арасында қаншалықты бейбітшілік болады, мұнай бағасы соншалықты тұрақты болады. Орталық Азия жалпы Азиядағы тұрақтылыққа тәуелді. Орталық Азия аймағында Қазақстанның позициясы мығым. Бірақ ол да өңірдегі тұрақтылық пен бейбітшілікке тәуелді. Егер бейбітшілік пен тұрақтылыққа қауіп төнбесе, мұнайдың бағасы да өсе береді... Сонымен бірге мұнайы жоқ елдер энергияның балама көздерін іздеп жатыр. Тапса, тауып ғана қоймай, белсенді дамытса, бұл да мұнай бағасына әсер етеді.

Тілшіміз, елші мырзадан баррелі 70 доллардан айналған қазіргі бағаға көзқарасын сұрады.  

Дахир Мутиш Дж. Аленазе, Сауд Арабиясының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:  

Әрине, мұнай өндіретін жетекші ел ретінде мұнай бағасының өскенін қалаймыз. Мұны мұнайға тәуелді елдердің барлығы қалайды. Бірақ біз ешнәрсе істей алмаймыз. Өйткені айттым, мұнай бағасы елдің жағдайына, аймақтағы саяси ахуалға тәуелді. Біздің елімізде мұнай қоры орасан. Біз көрші мемлекеттерді, бауырлас мемлекеттерді, дос мемлекеттерді қадағалап, әл-ауқаты артқанын бақылап отырамыз.