Алматы облысы Талғар ауданы Нұра ауылында ер адам пышақ жарақатынан мерт болды.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 11 мамырда Нұра ауылының 24 жастағы тұрғыны ауруханада көз жұмған. Оған белгісіз адамдар пышақ сұққан.
- Оқиға туралы хабарлама түскен бойда полицияның барлық сыртқы жасағына бағыт-бағдар беріліп, блокпостар қойылды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, қылмыс жасады деген күдікпен марқұмның үш ауылдасы ұсталды, - деп хабарлады департаменттен.
Аталған дерек бойынша «Адам өлтіру» және «Бұзақылық» баптары негізінде қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалған.
- Тергеу барысы облыстық Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында, - деп нақтылады өңір полициясы.