Алматы облысындағы су қоймасында екі бала суға кетті. Ата-анасының қарауынсыз қалған екі жасөспірім су айдынының жанында, демалуға жабдықталмаған жерде болған. Абайсыз әрекет салдарынан олар суға құлап кеткен. Оқиға орнына бірден құтқарушылар жетіп, судан екі баланың денесін алып шыққан. Толығырақ әріптесім Ғазиза Әмірбек тарқатады.
ҒАЗИЗА ӘМІРБЕК, ТІЛШІ:
Балалар мамырдың 8-і күні ауыл маңындағы осы су қоймасына келген. Мынау жолдың бойына киімі мен велосипедін қалдырыпты. Артынша суға түскен, бірақ өкінішке қарай жағаға қайтып шыға алмаған.
Су қоймасы ауылдан 18 шақырым жерде орналасқан. Мұнда суға түсуге және балық аулауға тыйым салынғаны жазылған тақтайшалар бар. Алайда маңайда күзет қызметі көрінбейді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жазда бұл жерге шомылуға келетіндер көп.
ГАЛИНА МИРОЛЮБОВА, ӨСТЕМІР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Жұбайым жұмыстан қайтып келе жатып жолдан 3 баланың велосипедті тым жылдам теуіп келе жатқанын көрген. Сол уақытта балалардың суға кеткені туралы хабарлама келді. Менің ойымша ол жерде 3-4 бала болған. Олар қорыққаннан қашып кеткен секілді. Себебі видеода 3 велосипедті көрдік, бірақ кейін тек 1 велосипед пен киімдердің тұрғанын қайта жіберді.
Қаза болған балалардың бірі сегізінші, екіншісі 9-сыныпта оқыған. Оқиға болған күні оқушылар мектепке бармаған.
ҚУАНБЕК КЕНЖЕХАНОВ, №47 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Сабаққа ол күні келген жоқ. Сынып жетекшісі Рауна апайымыз хабарласқан, ата-анасымен сөйлескен. Бала енді өзі келгісі келмеді ма, келмей қалды ма білмедім енді.
Екі жасөспірімнің суға кеткені кешкі сағат жетілер шамасында белгілі болған.
ӘЙГЕРІМ ҚАНЫБЕКҚЫЗЫ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Оқиға орнына Алматы облысының төтенше жағдай департаментінің күштері мен құралдары жіберілді. Іздесу, құтқару жұмыстары барысында 2 жасөспірімнің денесі судан шығарылды.
Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды су айдындарында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады.