Астанада бағдаршамның қызыл түсіне қарамастан, жолға жүгіріп шыққан жасөспірімді көлік қағып кетті. Бала қазір ауруханада. Жантүршігерлік видео әлеуметтік желіде тарады. Жұрт мұны абайсыздық емес, әдейі жасалған "батылдық сынағы" деп жазуда. Себебі, мұндай жағдай қаланың өзге аудандарында да болған.
АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:
Оқиға осы Қорғалжын мен Қайым мухамедханов көшілерінің қиылысында орын алған. 13 жасар жасөспірім бағдаршамның қызыл түсіне қарамастан, жолды жүгіріп өтпек болған. Сол сәтте келе жатқан Renault маркалы көлігі тоқтап үлгермей, жеткіншекті бірнеше метрге ұшырып жіберген.
ДАМИР АМРЕНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПД ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН БАТАЛЬОНЫНЫҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:
Жол көлік оқиғасы салдарынан 13 жасар жасөспірім дене жарақаттарын алып, ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Желіде тараған бұл кадрдан оқиғаның қалай болғанын анық көруге болады. Бір топ бала бағдаршамның тыйым салынған түсінде жол жиегіне жиналады. Алайда арасынан біреуі ағылып жатқан көліктерге қарай оқыс ұмтылған. Қалған достары оның бұл қауіпті әрекетін сырттай бақылап тұрады. Осы маңда тұратындар мұндай жағдай бұған дейін де болғанын айтады.
БЛИЦ:
- 5-6 бала болды. Соның ішінен бір бала жүгіріп өтті. Жай жүгіргенін емес екі қолын артқа тартып жүгіргенін көрдік.
- 2 күн бұрын баланы қағып кетті. Автокөліктің алдыңғы фарасы сынғанын көрдім.
- 100 мектептің балалары деп естіп жатырмын.
Соңғы уақытта қалада осындай жағдай жиілеген. Желі қолданушылары мен тұрғындар мұны қауіпті ойынға немесе жастар арасындағы жаңа челлендж деп отыр.
БЛИЦ:
- Бұл олардың ойыны сияқты: қозғалып келе жатқан көліктердің алдынан өтіп үлгеру үшін қызылға жүгіріп шығады. 6-мектеп маңында да оқушылар осылай қызылға өтіп жүргенін көрдім.
- Кеше кешке 16-мектеп маңындағы Кенесары – Бейсекпаев қиылысында бірнеше жасөспірімнің қызылға жүгіріп өткенін көрдім. Бір қыз көліктің дәл алдынан жүгіріп өтіп, кейін күліп, басқаларын да артынан ерткен.
- Балалар ақшаға не басқаға бәс тігеді. Кинодағы өмір сияқты батылдыққа бір-бірін қайрап итермелейді.
- Наруто құсап, қолдарын артқа тастап жүгірген ғой. Анимелерде солай жасайды.
Мамандардың айтуынша, жасөспірімдер үшін шынайы өмір мен виртуалды әлемнің шекарасы кейде жойылып кетеді. Олар экрандағы қаһарманның әрекетін қайталау арқылы өздерін мықты сезінгісі келеді.
ЕРЖАН МЫРЗАБАЙ, ПСИХОЛОГ:
Төбелес туралы кино көріп алып, ал давай екеуміз төбелесеміз деп кинодағыны қайталауға тырысады. Бұл -жалпы баланың табиғатында бар нәрсе. Ата-аналар баланың қолданып жатқан контентінің жас ерекшелігіне қарау керек. Ол жерде неге 13+, 18+, 9+ дейміз.
Мұндай қауіпті ойын үшін ата-ана заң алдында жауап береді. Егер жасөспірім ережені қасақана бұзса, айыппұл салынып, шығынның бәрі отбасының мойнына жүктеледі. Ал жүргізушінің кінәсі жоқ болса, ол жауапкершіліктен босатылады.