$541.34 €640.73 ₽6.53
×

"Түркия - Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктесі”, - Президент

"Түркия - Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктесі”, - Президент

Қазақстанды атажұртым деп Анадолыдан келген президент Режеп Тайип Ердоғанға «Қожа Ахмет Ясауи» ордені табысталды. Ежелден туыс қос елдің қатынасын одан ары ұлғайтамыз деп тараптар сан салада меморандумға қол қойды. Алдағы мақсат – тауар айналымын 15 млрд долларға жеткізу. Сапардың маңызды тұстарын Асйәуле Съезбек жіпке тізсін. 

АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Режеп Тайип Ердоғанның бұл- Түркия президенті ретінде Қазақстанға алтыншы келісі. Еліміздің тәуелсіздігін алғашқы болып таныған тамырлас елдің басшысын тәуелсіздік сарайында қарсы алудың өзінде ерекше символика бар секілді.Бауырлас ел басшысының Мемлекеттік сапары Астана-Анкара байланысын тереңдетуге негіз болмақ. Олай дейтініміз, тараптар бұл жолы қазақ пен түріктің стратегиялық ынтымақтастығын  кеңейтетін 6-шы отырысты бастайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президентін әр сөзінде «бауырым» деп шақырды. Ал Ердоған мырза өз кезегінде Қазақстанды «атажұртым» деп тебіреніп, біздің елге көңілі алабөтен екенін жеткізді.  Түркиямен арада ешқандай шешілмеген түйткіл жоқ. Тарихи тамырымыз бір елмен бүгінде бірлігі бекем бауырлас, сенімді серіктеспіз. Екі ел түрлі салада нық  әріптестік орнатқан.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мемлекетаралық және үкіметаралық байланыстарымыз нығайып келеді. Парламентаралық ықпалдастығымыз да жоғары деңгейде. Қос халықтың мәдени-гуманитарлық байланыстары қарым-қатынасымыздың алтын арқауы саналады. Біз осы игі үрдісті сақтап, өзара ықпалдастығымыздың аясын кеңейте беруге мүдделіміз. Бүгін «Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы» декларацияны қабылдаймыз. Осы маңызды құжат қазақ-түрік қатынастарын дамытуға тың серпін беретіні анық.

АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Түркия - Қазақстанның  сауда-саттық бойынша үздік  бестіктегі серіктесі. Бүгінге дейін түрік ағайын елімізге 6 млрд доллар инвестияция құйды. Ал біздің беріс 2,5 млрдты шамалады. Былтырдың өзінде тауар айналымы 8.8 процентке өскен. Екі ел арасында тасымал теміржол арқылы  35, автожолмен 5 процентке артқан. Алдағы меже- Орта дәлізді тиімді пайдаланып, әуе қатынасы мен каргоның үлесін ұлғайту.

Тараптар 34 тауар түрі бойынша экпортты ұлғайтуға ниетті. Қазір елімізде түрік капиталы бар 4 мың кәсіпорын жұмыс істейді. Олар жалпы сомасы 4 млрд доллардың 100-ге жуық инвестициялық жобасын жүргізуде. Түріктер тағы  тау-кен, қайта өңдеу, фармацевтика мен логистика, агроөнеркәсіп саласында бірлескен жобаларды  бастап кетті.

РЕЖЕП ТАЙИП ЕРДОҒАН, ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Қадірлі бауырыммен өткізген кездесуде саудадан бастап энергетика, қорғаныс өнеркәсібі, көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастық, сондай-ақ жаһандағы өзекті мәселелер секілді көптеген тақырыпта пікір алмастық. Біз сауда айналымын 15 миллиард долларға жеткізуге ниетті екенімізді растадық.

Ал Қазақстан Түрік нарығына цифрлық технологиялар арқылы кірмек.  Kaspikz Түркияның Hepsiburаda компаниясының жұмысын жандандырады. Ал Freedom Holding ағайынды елдің цифрлық экожүйесі мен брокерлік қызметін қалыптастырады. Қасым-Жомарт Тоқаев түрік инвесторларын қолдауға дайын екенін мәлімдеді. Олар Қазақстанның «Алтын визасын» қолданып, көші-қон бойынша жеңілдік ала алады. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мұнай-газ нарығындағы жағдайды ескере отырып, осы бағыттағы ықпалдастықты жандандыруға уағдаластық. Turkish Petroleum Corporation компаниясы Қазақстан нарығында жұмыс істеуге ниет білдіріп отыр. Біз мұны құптаймыз.

Тағы бір табысты одақтастық – білім беру саласында. Біздің елдің 14 мың азаматы Анадолы елінде оқиды. Ал түріктің 260-қа жуық қыз-жігіті Қазақияда студент. Кездесуде білім саласында тағы бір жаңалық болды. 2023 жылы жер сілкінісінен зардап шеккен Газиантеп провинциясында Қазақстан бастамасымен салынған мектеп қос президенттің  көзінше онлайн ашылды. Білім ошағына Қожа Ахмет Ясауи аты берілді.

Мемлекет басшысы қазақ-түрік қатынасын жоғары деңгейге шығаруда қосқан зор үлесі үшін Режеп Тайип Ердоғанды «Қожа Ахмет Ясауи» орденімен марапаттады. Түркия президенті бұл жоғары награданың алғашқы иегері атанды.

РЕЖЕП ТАЙИП ЕРДОҒАН, ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Бұл орденді Түркия Республикасы және түрік ұлтына деген ілтипатыңыздың белгісі деп қабылдаймын. Осы орайда елдеріміз арасындағы бауырластықты бекемдеу бағытындағы көреген саясатыңыз үшін Сізге, құрметті бауырым, алғыс айтамын. Бауырластығымыз, достығымыз лайым мәңгі болсын!

АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған бауырлас елдер арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге уағдаласты. Келіссөздер қорытындысында тараптар 11 бағытты қамтитын маңызды құжаттарға қол қойып, байланысты күшейтуге ниет білдірді.