Ертең Түркістанда түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтеді.
Маңызды жиынның киелі шаһарда өтуі кездейсоқ емес. Тарихы терең, түркі халықтарының ортақ мәдениеті мен рухани тамырын тоғыстырған қала бүгінде түркі әлемінің саяси әрі мәдени ықпалдастығын нығайтатын маңызды орталыққа айналып келеді.
Түркістаннан тілшіміз Айзада Төребекқызы қазір тікелей байланысқа шығады. Айзада, ауқымды жиынға дайынсыздар ма?
АЙЗАДА ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Иә, Дана, Түркістан түркі бірлігін айшықтайтын саммитке дайын. Қалада Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің тулары желбіреп, бауырлас халықтардың бірлігі мен ортақ рухани байланысын айшықтап тұр.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Қызылорда, Тараз, Шымкент пен Алматы қалаларынан тәртіп сақшылары тартылған. Күштік құрылымдардың дайындықтары пысықталып, техникалар тексерістен өткізілді. Ресми делегацияларды алып жүретін қызметтік автокөліктер де сақадай сай. Шаһардың алты бұрышында арнайы бекет қойылған. Ал ертең республикалық маңызы бар және қаладағы көшелер жабылады.
БАҒДАТ ШАЙЗАДА, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:
Төтенше жағдайлар министрлігінің 2 тік ұшағы жауынгерлік есеп те тұр. Қазір Төтенше жағдайлар министрлігінің жеке құрамы барлық тапсырмаларды орындауға дайын. Сонымен қатар Түркістан қаласы мен оның жанындағы аудандарда өрт қауіпсіздігі қатаң күшейтілді. Гарнизонның жеке құрамы күшейтілген режимге өтті.
Саммит тақырыбы - «Жасанды интеллект және цифрлық даму». Маңызды шарада пікір алмасу үшін еліміздің бетке ұстар қоғамдық институттары мен арнайы ұйым өкілдері де шақырылған.
РИЗЗАТ ТАСЫМ, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ ИНСТИТУТЫ ИНСТИТУЦИОНАЛДЫҚ ТАЛДАУ ЖӘНЕ РЕФОРМАЛАР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Цифрландыру деңгейі бойынша 24 орында. Ал онлайн қызмет көрсету бойынша әлемде оныншы орында. Орталық Азияда алғаш рет кванталық супер компьютерді енгізген Қазақстан болатын. Ендігі маңыздысы цифрландыру мен жасанды интеллекттің бар мүмкіндіктерін экономикалық тұсынан тиімді пайдалану. Осы орайда түріктік ықпалдастықтың маңызы өте зор.
Маңызды шараға орай киелі шаһарда «Түркі шаңырағы» деп аталатын арнайы кешен салтанатты түрде қолданысқа беріледі. Құрамына бірнеше киіз үй мен Тайқазанды біріктіретін кешен Қазақстан картасының бейнесінде жасалған.
АЙЗАДА ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Түркі мемлекеттері ұйымы басшыларының бейресми кездесуі аясында ауқымды мәдени-туристік іс-шаралар да ұйымдастырылады. Ал бұл маңызды кездесу аясында көне шаһарға 5 мыңнан астам турист келеді деп күтіліп отыр.