$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Трамп 9 жылдан кейін Қытайға барды

Трамп 9 жылдан кейін Қытайға барды

Трамп 2017 жылдан бері алғаш рет Қытайға ресми сапармен барды. Көпшілік бұл кездесуді жер-жаһанның тағдырын шешетін келіссөздер деп баға берді. Көптен күткен   сапар туралы Еркелді Тілеуқұл толығырақ баяндайды.

Иран мен Украинадағы соғыс, тіпті, мұнай бағасы жайына қалды. Трамп Бейжіңге жете сала Қытай билігі аяғын жерге түсірмей күтіп алды. АҚШ Президенті өз таңданысын жасыра алмай, Қытайды жақсы көремін, - деп бірнеше рет жар салды. Артынша, кең құрамдағы келіссөздерде Си Цзиньпинь алғаш рет Трампқа жеке сес көрсетті. Даудың басы – Тайвань. Қытай өз бөлігі деп санайтын елге, АҚШ қару сатуды жоспарлап отыр.

СИ ЦЗИНЬПИНЬ. ҚХР ТӨРАҒАСЫ:

Егер барлық мәселені дұрыс шешсек, қос мемлекет арасындағы қарым-қатынас тұрақты болып қала береді. Оң шешім табылмаған жағдайда, елдеріміз арасында жанжал, тіпті, қақтығыс болуы мүмкін. Бұл – Қытай-Америка қарым-қатынастарын өте ыңғайсыз жағдайға қалдырады.

Дегенмен, Трамптың Қытайға баруындағы басты мақсаты мүлдем өзге. АҚШ Президенті Қытай америкалық компанияларға қысым көрсетіп, жұмыс істетпей жатыр деп санайды. Онысын жасырған да емес. Сол үшін әлемге әйгілі компаниялардың басшыларын өзімен ертіп әкетті. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл жайт бойынша тараптар келісім тапты.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің қарым-қатынастарымыз бұдан былай да жақсы өрбиді деген сенімдемін. Адамдар біле бермейді. Дегенмен, аздаған құпияны ашқым келіп тұр. Әлемде бір оқыс оқиға болғанда мен сізге хабарласамын немесе сіз маған телефон шаласыз. Мен осы сапарға әлемнің ең үздік бизнесмендерін алып келдім. Екеуіміздің сауда-саттығымызды одан сайын арттырғым келеді. Барлығымыздың қалайтынымыз – осы деп білемін.

Алайда, бұл сапарға Тайвань жұрты наразы. Олар АҚШ Президенті бізді сатып кетті, - деген пікір айтуда. Себебі, жоғарыда аталған қару-жарақ сату және қорғаныс саласында өзге көмек көрсету, АҚШ-тың 1979-ы жылы өзіне алған міндеттемесі.