$455.12 €498.99 ₽5.55

Моңғолия Парламенті президенттің отставкасын мақұлдады: елде кезектен тыс сайлау өтеді

Моңғолия Парламенті президенттің отставкасын мақұлдады: елде кезектен тыс сайлау өтеді

Парламент Ухнаагийн Хүрэлсүхтің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешімін мақұлдады. Бұл – Моңғолияның демократиялық тарихында алғаш рет тіркеліп отырған жағдай

Моңғолияда парламент президент Ухнаагийн Хүрэлсүхтің отставкасын мақұлдағаннан кейін саяси және экономикалық белгісіздік күшейді. Инфляция мен жанармай тапшылығы жағдайды ушықтыра түссе, биліктегі Халық партиясының түрлі фракциялары ықпал үшін күресіп жатыр,  деп Astana TV тілшісі Euronews агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Мемлекеттік ақпарат агенттігінің мәліметінше, бейсенбі күні өткен парламент отырысында отставканы мақұлдау туралы қаулыны қатысқан 104 депутаттың 96-сы қолдаған. Сегіз депутат қарсы дауыс берген. Олардың қатарында премьер-министр Ням-Осорын Учрал да бар.

Бұған дейін бұрынғы Әділет министрі әрі Ұлан-Батор қаласының бұрынғы әкімі Нямбаатар Хишгээ президент пен оның жоғары лауазымды айналасын сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп айыптаған. Ал қызметінен кетіп жатқан мемлекет басшысы құқықбұзушылықтарға қатысы барын жоққа шығарды. Ол өз кінәсіздігін дәлелдеу үшін өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.

Бұл – Моңғолияның демократиялық тарихында президенттің өкілеттік мерзімі аяқталмай тұрып қызметінен кеткен алғашқы жағдай. Бұған дейін кезекті президент сайлауы 2027 жылғы маусымға жоспарланған болатын.

Моңғолия Конституциясына сәйкес, президенттің міндетін парламент спикері Сандаг Бямбацогт уақытша атқарады. Ал жаңа мемлекет басшысы алдағы төрт ай ішінде сайлануы тиіс. 

Қызметінен кетер алдында Ухнаагийн Хүрэлсүх алдағы президент сайлауымен қатар конституциялық референдум өткізуді ұсынды. Ол парламентті екі палаталы жүйеге көшіріп, президентті сол арқылы сайлау немесе атқарушы биліктің өкілеттігін кеңейте отырып, президенттік басқару жүйесін енгізу нұсқаларын қарастыруды ұсынған.

Алайда парламент әзірге конституциялық өзгерістерге қатысты референдум өткізу туралы шешім қабылдаған жоқ.